Алматы облысының Талғар қаласында орын алған қайғылы оқиғадан кейін құзырлы органдар тергеу амалдарын бастады, деп жазады Alash.kz.
2026 жылғы 12 сәуірде Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде болған жанжал салдарынан 20 жастағы азамат пышақ жарақаттарынан көз жұмған. Қазіргі уақытта полиция департаменті кісі өлтіру және бұзақылық баптары бойынша екі бірдей қылмыстық істі тіркеп, күдіктілерді анықтау үстінде.
Полицияның ресми мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында негізгі күдікті ретінде 20 жастағы азамат ұсталып, қамауға алынды. Сонымен қатар бұзақылық фактісі бойынша тағы үш адам анықталған. Олардың бірі уақытша тергеу изоляторына жабылса, екеуі сот шешімімен үйқамаққа алынды. Ал кәмелетке толмаған тағы бір күдіктіге қатысты қоғамнан оқшауламау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Ведомство өкілдері барлық куәгерлердің анықталғанын және олардан жауап алу процесі жүріп жатқанын хабарлады.
Марқұмның туыстары оқиғаның мән-жайы туралы әлеуметтік желіде өз нұсқаларын жариялады. Олардың пайымдауынша, бұл кездейсоқ қақтығыс емес, алдын ала ұйымдастырылған шабуыл болуы мүмкін. Марқұмның жақыны желідегі жазбасында:
«Оған 10-нан астам адам шабуыл жасаған. Бұл кездейсоқ қақтығыс емес, бұл — топ болып жасалған шабуыл. Оны қоршап алып, өзін қорғауға мүмкіндік бермеген. Ол алған пышақ жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Бізде болған оқиғаның видео дәлелі бар. 30-дан астам куәгер бар. Бірақ соған қарамастан, тек БІР адам қамауда», – деп жазды.
Қазіргі таңда істің барлық егжей-тегжейін анықтау үшін кешенді тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматы облыстық полиция департаментінің басшылығы бұл істі өз бақылауына алды. Құзырлы органдар тергеу барысында анықталған жаңа деректер бойынша қосымша ақпарат беруге уәде етіп отыр. Жағдайдың анық-қанығы бейнебақылау камералары мен куәгерлердің айғақтары негізінде сарапталады.