Иран билігі елдің барлық аймағын қамтыған жаппай наразылықтарға байланысты 9 қаңтарда интернет пен халықаралық байланысты бұғаттап, әуе қатынасын ішінара тоқтатты, деп хабарлайды Alash.kz.
Халықтың көшеге шығуына бағаның шарықтауы мен инфляцияның 40 пайыздан асуы себеп болған. Құқық қорғаушылардың дерегінше, қақтығыстар кезінде ондаған адам мерт болып, 2200-ге жуық азамат қамауға алынды.
Шерушілер мемлекеттің сыртқы саясатына наразылық танытып, бюджет қаржысын өзге елдерге жұмсамауды талап етуде. Елдің жоғарғы көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеи бұл толқулардың артында сыртқы күштер тұр деп есептейді.
Хаменеи өз мәлімдемесінде былай деді:
«Бұл адамдар - шетелдіктердің жалдаған жансыздары. Олар АҚШ президенті Дональд Трамптың мүддесі үшін жұмыс істеп жатыр».
Мемлекеттік БАҚ қираған ғимараттар мен өртенген нысандарды көрсетіп, бүлік үшін оппозициялық ұйымдарды айыптауда. Сонымен қатар, шетелде жүрген оппозиция өкілдері мен шах мұрагері Реза Пехлеви халықты табандылық танытып, көшеге шығуға үндеді.