Семейде 20 жастағы студент құрылыс алаңында ауыр жарақат алып, оң қолынан айырылды. Төртінші курс студенті Асылжан Калелов демалыс күні қосымша табыс табу үшін жұмысқа шыққан, деп хабарлайды Alash.KZ
"Жетінші арнаға" хабарлағандай, жігіттің айтуынша, ол бұл нысанда небәрі үшінші күн жұмыс істеген. Бригадир оны ешқандай келісімшартсыз қабылдап, қауіпсіздік талаптарын толық түсіндірмеген. Тек бетон араластырғышты қосу мен өшіруді көрсеткен.
Оқиға күні құрылғы ішінде тас тұрып қалып, жәбірленуші оны алып тастауға тырысқан. Сол сәтте бетон араластырғыш кенет іске қосылып, оның оң қолын жұлып кеткен. Зардап шеккен жігіт дереу ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. Алайда дәрігерлер қолын сақтап қала алмаған.
Жақындары құрылыс компаниясы әлі күнге дейін хабарласып, жағдайын сұрамағанын айтады. Олар кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Ал еңбек инспекциясы бұл оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді.