Жол апатынан қаза тапқан танымал қазақстандық блогер Дәулет Бейсенбектің жұбайы әсерлі естелік жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Жас отбасы үшінші сәбиін күтіп жүрген шақта отағасынан мезгілсіз айырылып қалған. Қазіргі таңда жұбайы Замира Бейсенбек балаларын жалғыз тәрбиелеп отыр.
«Адам өміріндегі ең қорқынышты нәрсе не екенін білесіз бе? Қарапайым күннің аяқталмай қалуы… Өмір мен өлімнің арасы — бір ғана тыныс.
Менің өмірімдегі ең қиын сәт — 2022 жылдың 27 наурызы, сағат 11:38. Сол күннен бері әр таң сайын өзіме бір сұрақ қоямын:
“Егер бүгін соңғы күнім болса ше? Кімді құшақтамадым? Не айтып үлгермедім? Қандай істі кейінге қалдырдым?”
Өйткені өлім ескертпейді. Ол жай ғана қарапайым күннің, қарапайым жоспарлардың ортасында келеді.
Өмір — кейінге қалдыру үшін емес, бағалау үшін берілген. Бүгін біреудің көңілін қалдырмауға, біреуді қуантуға, жақсы көретініңді айтуға әлі де уақыт бар. Бір сәттік өмірді өкінішпен емес, шүкіршілікпен өткізейік», — дейді марқұм блогердің жары Замира Бейсенбек.