Атырау облысы Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасының өліміне қатысты күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке жаңа айып тағылды. Енді оған екі немесе одан да көп адамды өлтіру бабынан бөлек, қылмысты бірнеше рет жасады деген айып та тағылып отыр. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады, деп жазады Alash.kz.
Адам өлтіру, ұрлық және алаяқтық
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Сәрсемәлиевке тағылған айыптар тізіміне енді Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы ғана емес, 13-тармағы да енгізілген. Ол - "Бірнеше рет жасалған адам өлтіру".
Бұған қоса, бұған дейін хабарланғандай, істе мынадай қылмыстар да бар:
- 188-баптың 2-бөлігі – "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық";
- 190-бап – "Алаяқтық".
Прокуратура дерегінше, бұл эпизодтар қаза тапқандардың жеке заттарын жымқыру және олардың малын заңсыз сатумен байланысты.
Адвокат Абзал Қасымжанов қылмыстарды саралаудағы айырмашылықты түсіндірді.
"Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде екі түрлі саралау белгісі қарастырылған: "екі немесе одан да көп адамды өлтіру" және "бірнеше рет жасалған адам өлтіру". Бірінші жағдайда әңгіме бір оқиға аясында бірнеше адамның өлтірілуі туралы болса, екінші жағдайда әртүрлі уақытта және әртүрлі жағдайда өлтіру туралы сөз болады," – дейді адвокат.
Анықтама: 99-баптың 2-бөлігі, нақты қай тармақ қолданылса да (бұл істе – 1 және 13), 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.
Қасымжановтың пікірінше, істің қоғамда үлкен резонанс тудыруын және күдіктінің шетелге қашуға әрекеттенгенін ескерсек, сот ең қатаң жаза тағайындауы әбден мүмкін.
"Сондай-ақ, қалыптасқан сот тәжірибесін ескерсек, күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы ықтимал," – деді адвокат.
Қылмыстар жиынтығы
Сұлтан Сәрсемәлиевке адам өлтіруден бөлек, ұрлық пен алаяқтық та тағылып отыр. Адвокат Самат Әбуев бұл эпизодтардың түпкілікті үкімге қалай әсер ететінін түсіндірді. Оның айтуынша, жаза қылмыстар жиынтығы бойынша, яғни жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен тағайындалады.
"Менің ойымша, егер қылмыстың асқан қатыгездікпен жасалғаны дәлелденсе, сот өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауы мүмкін. Нақты санкцияны сот әр істің мән-жайына қарай жеке белгілейді, бірақ қазір іс материалдарын көрмей, нақты айту қиын," – деп түйіндеді адвокат.
Атырау облысындағы қанды қылмыс
2025 жылғы 25 желтоқсанда полицияға Атырау облысының Жангелдин ауылында отбасы жоғалып кеткен туралы туыстары хабарлаған. Құқық қорғау органдары мәліметінше, жергілікті тұрғын өзінің ағасы, оның жұбайы және екі ересек баласы қарашадан бері байланысқа шықпай жүргенін айтқан.
Кейін отбасы үйінен шығып кеткені, содан бері олардың қайда екені туралы ешқандай ақпарат болмағаны белгілі болды.
Төрт адам іздестірілді:
- 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
- 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
- 35 жастағы қызы Мирамгүл Қарабалина;
- 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев.
6 қаңтарда полицейлер зейнеткер ерлі-зайыптының мәйітін тапты. Осыдан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Жангелдин ауылында қайтыс болған ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті - Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны, отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев.
Күдіктіні іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысының Полиция департаменті жүргізді.
24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні Индонезияда ұстағаны белгілі болды. Сондай-ақ, марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылды.
9 наурыз кешке Атырау маңындағы Геолог шағынауданынан Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіті табылғаны белгілі болды. Оларды басты күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев бұрын жалға алған үйдің ауласынан тапқан.
11 наурызда Атырау облысында ұзақ іздеу жұмыстарынан кейін мәйіттері табылған Наурыз бен Мирамгүл Мұқанғалиевтерді жерлеу рәсімі өтті.