Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Омбыда қазақ тілі міндетті пән ретінде енді оқытыла бастады

11:00, 18 наурыз 2023 428
 


Ресейдің Омбы қаласындағы мектептерде қазақ тілі міндетті пән ретінде оқытылады. Бұл туралы Qazaqstan телеарнасы хабарлады.

Мамандардың айтуынша, өңірде қазақ тіліне сұраныс жоғары. Соған қарамастан қаладағы 11 мектепте ол тек бейіндік пән ретінде оқылып келген. Сонымен қатар Омбы қаласындағы мектептерде қазақ тіліндегі сапалы оқулықтар болмаған. Ал қазір тіл мамандарының қатысуымен жаңа оқулық әзірленген.
 

Егер біз бейіндік пән туралы айтсақ, мұндай сабаққа барғысы келген оқушылар ғана барады. Сондықтан тілді толық меңгермейді. Ал міндетті пән ретінде енгізілсе, оқушылар да толық қатысады. Қазір ата-аналар тарапынан да тілге деген қызығушылық артқан. Осы себепті өздері де балаларына қазақ тілін үйретуге тырысады, – дейді мұғалім Бәткен Сәрсенова.

 

Әзірге 1-4 сыныптарға арналған «Әліппе» мен «Қазақ тілі» оқулықтары сараптамадан өтіп, ресейлік оқу бағдарламасына ресми енгізілген. Алдағы уақытта жоғары сынып үшін де оқулық дайындалмақ.
 

Мен 7-сыныпта оқимын. Қазақ тілін 4-сыныптан бастап үйреніп жүрмін. Ана тілім болғандықтан, меңгеріп, еркін сөйлегім келеді. Алдағы мақсатым – осы, – дейді оқушы Жасмин Әбдірнасырова.

 

Омбы және Алтай мұғалімдері жаңа оқулықтар Ресейдің өзге мектептерінде қолданысқа еніп, қазақ тілін оқыту аясы кеңейеді деп сенеді. Жалпы өңірде тілді дамытуға ерекше мән берілген.
 

Соңғы жылдары жастар арасында қазақ тілін білмейтіндердің саны көбейді. Бұл олқылықты жою үшін тіл үйірмелерінің де санын арттырдық. Енді қазақтардың музейі мен кітапханасын ашуды жоспарлап отырмыз, – деді «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының төрағасы Қуаныш Елеутаев.

 

Бүгінде Омбы облысында 70 мыңға жуық қазақ тұрады. Сондықтан мұғалімдер ана тілін барлық мектеп пен балабақшада оқыту керек деп есептейді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар