Қоғам белсендісі, блогер Жан Ахмадиев Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жасында көз жұмған Мадинаның қайын жұртына арнайы барып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін марқұмның отбасы мен жақындары туралы деректер жинады, деп хабарлайды Alash.kz.
Жан Ахмадиев бұл туралы өз пікірін былай білдірді:
«Мадинаның қайын жұртының үйіне барғанда өзін «Мадиярлардың көршісімін» деп таныстырды. Біресе, өзін «Мадиярдың анасының абысынымын» деп таныстырған бір апайымыз мынадай адам шошырлық әңгіме айтты.
Сонда, бұл жақта қыз баланы ұрып-соғу қалыпты жағдай ма? «Еркек екенмін деп қол көтере беруге бола ма?».
Түсірілім барысында марқұм қыздың ата-енесі блогердің сұрақтарына жауап беруден үзілді-кесілді бас тартқан. Осыған байланысты журналист аталған отбасының көршісімен тілдесіп, олардың қарым-қатынасы туралы сұрап білді.
Ауыл тұрғыны өз сөзінде Мадинаның жолдасы Мадиярдың жуас әрі тұйық екенін айтып, отбасында керіс болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Дегенмен ол жігіттің әйелін өлімші етіп сабағанын өз көзімен көрмегенін жеткізді.
Көршісі берген сұхбатында: «Мадияр – жуас бала. Кім біледі? Ашумен ұрса, ұрған да шығар. Еркек болған соң ұрады ғой. Бірақ ұрған кезде өлтіріп ұрғанын көрген жоқпын. Отбасы болған соң арасында ұрыс-керіс, айқай болған шығар», – деп мәлімдеді.
Бұл пікір әлеуметтік желіде үлкен дау тудырып, желі қолданушыларының ашу-ызасын келтірді. Әсіресе әйелге қол көтеруді «қалыпты құбылыс» ретінде қабылдап, оны табиғи жағдайдай сипаттаған сөздер жұртшылық тарапынан қатты сынға ұшырады.