Шығыс Қазақстан облысындағы Выдриха ауылындағы бір шипажайда инемен емдеу кезінде әйелдің өкпесі тесіліп, ол өлім аузынан аман қалды. Бұл туралы зардап шегушінің қызы Наталья Бугрова әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп хабарлайды Alash.kz.
Зардап шеккен әйелге процедураны Михаил Жмайлов есімді дәрігер жүргізген. Натальяның айтуынша, ине салған сәттен бастап анасы ауырсыну мен жайсыздық сезінген, алайда дәрігер бұл жағдайға мән бермеген. Науқас 20 минут бойы ауырсынуды көтеріп жатқан, ал дәрігер басқа пациенттерге барып-қайтып жүрген.
Келесі күні әйелдің жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақырылған. Наталья Бугрова мәлімдегендей, Жмайлов науқастан процедура туралы ақпарат бермеуді сұрап, жедел жәрдем келгенде де қасынан шықпаған, қысым көрсеткен. Өскеменге жеткізілген әйелге рентген жасалған кезде дәрігерлер таңқалып, оған пневмоторакс диагнозы қойылған. Наталья:
«Шын мәнінде, өкпе тесілген. Тағы сәл кешіккенде бәрі кеш болар еді. Өскеменде біздің қасымызда болғанда ғана анам шындықты айта алды. Оған наркозсыз пункция жасалып, плевральды аймақтан 1,5 литр ауа шығарылды».
Қазір зардап шеккен тарап Михаил Жмайловқа қатысты полицияға арыз жазған. Желі қолданушылары бұл оқиғаға қатты алаңдап, сын пікірлерін білдіруде: «Өкпеге дейін жету үшін инені қалай терең салуға болады? Инелер теріге тек 1–2 см ғана кіруі тиіс. Бұлай терең сұғу тек дилетанттың қолынан келеді», — деп жазғандар бар.