Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Өкініш көп қой, ағатай. Өкініш» - Қазақ шекарасын шегендеудегі Алаш арыстарының ерлігі

15:29, 11 наурыз 2024 547

Алаш ардақтысы Уәлитхан Танашұлы:

Мен, өмірдің ащы-тұщысын өзгелерге қарағанда көбірек көрген адаммын. Бірақ, соның ащылау жағы тіптен көбірек және тым артықтау болды ма деп ойлаймын. Әйтсе де, менің арым алдындағы жүрегім ақ, көңілім таза. Жападан жалғыз қалған соңғы сәттерімде өзіммен-өзім отырып, мұңға батамын. Мұң – менің сырласым.

Ойлап қараңызшы, одан басқа кімім бар менің. 86 жылдық ғұмырымда бұл өмірде не істеп, не қойдым, әсіресе өзімнің туған республикама, Отаныма не жақсылық жасадым. Рас, маңдайымның терін ағызып, жанымды шүберекке түйіп жүріп, жеті жыл қызмет еттім сол еліме.

Әсіресе, республика шекарасын белгілуде досым Әлімхан Ермеков екеуміздің В.И.Лениннің бір күнде екі рет қабылдауында болып, Я.Свердловпен жаға жыртыса салғыласқанымыз есімде.

Өзекке түскен өкініш көп. Өзіміздікі деп жүрген көп жер өзбек бауырларға кетті. Орман-тоғайлы Омбы мен Орынбор, терістік арқа орыстарға өтті. Енді қалғаны Еділдің төменгі сағасы. Свердлов болса, Ордаңнан Гурьевке бір-ақ тарт деп жеңістік бермейді. Тіпті өзара кесіп-пішіп қойған, біз болсақ, Әлімхан екеуміз әр сүйем жерді дәлелдеп, қазақша қойылған жер атауларын тілге тиек етеміз. Ноғайлы заманы жырауларының өлеңдерін оқимыз: ақыры Владимир Ильич «Олай болса мына жер қазақтікі» деп қызыл қарындашпен Қиғаш өзенін бойлай Каспийге төте шықты. Бұл біз үшін соңғы үміт. Ал, мен үшін осыған дейін Ресей территориясына кіріп келген Екінші Теңіз жағалауы округі – туған ауылымның Қазақстан құрамына мәңгілік енуі еді. Қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады. Екі көзім жасқа толы. «Ең болмаса, осының өзі!» мен шап беріп, Әлімханды құшақтай алдым. Ол болса «Өкініш көп қой, ағатай. Өкініш» деп жылап тұрды.

Құдайдан күштісің бе, барымыздан айрылып қала жаздадық қой. Көздегі жас тиылар емес, сонда да болса, қалтамдағы орамалға қолымды апармадым, өйткені өлгенде бір көрген қуаныш жасы еді...

Дереккөз: “Естеліктегі Алаш" (құрастырушы — профессор Сағымбай Жұмағұл)

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар