Ақтөбе маңындағы Кеңес Нокин тұрғын алабында соңғы қоңырау салтанатына дайындалып жүрген 11 жастағы Әмір есімді жасөспірім ойын алаңында шығып тұрған темір істікке шаншылып, ауруханадан бір-ақ шықты, деп хабарлайды Alash.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Денесі ауыр жарақаттанған мектеп оқушысына шұғыл түрде ота жасалды. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 33 миллион теңгеге салынған бұл нысанның көптеген кемшілігі анықталып, әкімдік балансына өтпегені белгілі болды. Жергілікті билік пен мердігер компания екі жылдан бері соттасып жүргенде, қараусыз қалған қауіпті нысан балалардың өміріне тікелей қауіп төндіріп тұр.
Оқиғадан кейін есін жия алмай отырған баланың туыстары жауапты мекемелердің салғырттығына наразы. Зардап шеккен Әмірдің әпкесі Данара Даришева алаңның иесіз қалғанын айтып, былай деді:
«Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Аяғындағы кесілген жер өте терең болды. Баланы шұғыл алып кетіп, дереу ота жасады, тігіс салды. Қазір бұл алаң иесіз секілді. Оның нақты иесі жоқ. Әкімдік мердігерді, мердігер әкімдікті кінәлайды. Жазда біздің балалардың бәрі осында ойнайды. Ал бұл жер қауіпті».
Дәрігерлердің мәлімдеуінше, баланың аман қалғаны үлкен бақыт. Егер темір негізгі артерия қан тамырына тигенде, жағдай бұдан да ауыр болар еді. Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Әкімжан Аубакиров баланың қазіргі жағдайы туралы ақпарат берді:
«Кешкі уақытта сол жақ жамбас тұсындағы жыртылған соғылған жарақатпен түсті. Қабылдау кезінде кезекші травматолог жараға алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізді. Тігіс салынды. Сақтандыру дренажы қойылды. Қазіргі таңда баланың жағдайы қанағаттанарлық».
Бұл алаңның құрылысына кезінде зардап шеккен баланың әкесі өзі мұрындық болып, тұрғындардан қол жинаған екен. Бірақ мердігердің сапасыз жұмысы сотқа дейін жеткен. Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігінің ТКШ бөлімінің бас маманы Жәдігер Балтабай істің қазір Жоғарғы сотта қаралып жатқанын жеткізді:
«Сот сараптамасының қорытындысы бойынша бұл балалар алаңы сапасыз деп танылды. Осы себепті мердігер төлем алған жоқ. Бірінші инстанция соты мен апелляциялық сот біздің талап-арызымызды қолдады. Алайда мердігер бұған келіспей, Алматы ауданы әкімдігі үстінен Жоғарғы сотқа шағым түсірді. Ол өзіне ақша төленбей жатқанын және атқарылған жұмыс қабылданбағанын айтып отыр. Қазір Жоғарғы соттың шешімін күтіп отырмыз».
Ендігі кезекте Жоғарғы сот бұл конструкциялардың толық сүрілетінін немесе мердігердің өз есебінен жөндейтінін анықтауы тиіс. Алайда үлкендер соттасып уақыт өткізіп жатқанда, ауыл балалары жарақат алу қаупі жоғары алаңда әлі де ойнап жүр.