Ақтөбеде мектеп оқушысын зорлап, жүкті қылған 64 жастағы зейнеткерге қатысты сот үкімі шықты, деп жазады Alash.kz.
Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық соты қылмыстық істі бірнеше бап бойынша қарап, айыпталушыны ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырды.
Тергеу материалдарына сүйенсек, 14 жастағы жасөспірім қыздың әжесінің күйеуі, яғни өгей атасынан жүкті болып қалғаны анықталған. Сотта ер адамның кінәсі толық дәлелденіп, оған Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша айып тағылды.
Тоғыз ай бойы қыздың жүкті болғанын ешкім аңғармаған. Осы период ішінде үш мәрте медициналық тексеруден өтсе де, бойындағы өзгерісті байқамаған.
Оқушы босанар тұста мектепте жүріп, жедел жәрдем шақыртқан. Тек сонда ғана жасөспірімнің жүкті екені, толғағы қысып, босанғалы тұрғаны анықталған.
Сот шешіміне сәйкес, зейнеткер алдағы 21 жылын темір тордың артында өткізетін болды. Үкім баптардың түпкілікті жиынтығы негізінде тағайындалды.