Алматы облысы прокуратурасы Талғарда қаза тапқан Шерзат Полаттың ағасы — Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты қылмыстық істің не себепті тоқтатылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Alash.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, тергеу Қылмыстық кодекстің 105-бабы (“Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу”) бойынша жүргізілген. Сараптамалар мен тергеу материалдары Нұрқанаттың өз-өзіне қол жұмсағанын көрсеткен. Прокуратура “үшінші адамдардың қысым көрсеткені немесе итермелегені анықталмады” деп мәлімдеді.
Дегенмен марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспейді. Олардың айтуынша, Нұрқанаттың суицид жасауы мүмкін емес. Бұған дейін адвокат Мейірман Шекеев қылмыстық істің жабылғанын хабарлап, оны қайта қозғау үшін шағым түсіретінін айтқан.
Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі өткен жылдың желтоқсанында табылған. Сол кезде полиция алдын-ала суицид нұсқасын атаған. Алайда, бұл өлім көп күмән тудырды. Өйткені, бұған дейін Шерзат Полаттың отбасы тұратын үй де түсініксіз жағдайда өртенген еді.