Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ата-анасы оның өліміне қатысты сотта куәлік берді. Жалғыз қызынан айырылған әке мен ана көз жастарын тия алмады, деп жазады Alash.kz OTYRAR-ға сілтеме жасап.
Марқұмның әкесі Бауыржан Сағымбек қызының қаза болған күні болған соңғы әңгімесін еске алды.
«Мен қызыммен телефон арқылы сөйлестім. Ол маған: «Әке, мұнда мен қаламайтын жағдай болып жатыр. Мені алып кетші», – деді. Кешкі жетілер шамасында жұбайым хабарласып, «Нұрайға бірдеңе болды. Ол жерде жатыр, полиция мені жолатпай жатыр» деді. Сол сәтте бір сұмдықтың болғанын түсіндім, басшылыққа хабарлап, дереу жолға шықтым», – деді Бауыржан Сағымбек.
Әкесінің айтуынша, Нұрай мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орнына мемлекеттік грантпен түскен. Оның болашаққа жоспары көп болған. Ашық мінезді, мейірімді, өмірсүйгіш қыз тұрмысқа шығуға асықпаған.
Ол маңызды шешімдердің барлығын ата-анасымен ақылдасқанымен, соңғы таңдауды өзі жасайтын болған. Қызды ұрлап, тұрмыс құруға мәжбүрлеген кезде де ата-анасы алдымен оның пікірін сұраған. Нұрай келіспеген соң, оны бірден үйіне алып кеткен.
Дегенмен сотталушы кінәсін толық мойындамады.
Қазіргі уақытта 28 жастағы айыпталушыға үш бап бойынша айып тағылып отыр: ерекше қатыгездікпен кісі өлтіру, аңду (сталкинг) және некеге мәжбүрлеу. Марқұмның отбасы оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын талап етіп отыр.