Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Нипах вирусы - Үндістанда емі жоқ індет өршіп тұр

17:07, 25 қаңтар 2026

Үндістанның Батыс Бенгалия штатында аса қауіпті Нипах вирусын жұқтырудың 5 жағдайы анықталды, оның үшеуі осы аптада тіркелген, деп жазады Alash.KZ.

Билік жағдайды бақылауға алғанымен, індеттің таралу қаупі жоғары деп бағалануда.

Вирус жұқтырғандар арасында дәрігер, медбике және медициналық мекеменің бір қызметкері бар. Сонымен қатар Калькутта қаласының маңындағы жеке ауруханада жұмыс істейтін тағы екі медбикеден Нипах вирусы табылған.

Дәрігерлердің мәліметінше, аталған екі науқастың дене қызуы көтеріліп, тыныс алу жүйесінің қызметі бұзылған. Олар оқшауланып, арнайы бақылауға алынған.

Билік пен денсаулық сақтау органдары ауру ошағында эпидемиологиялық тексеру жұмыстарын күшейтіп, науқастармен байланыста болған адамдарды анықтауға кіріскен.

Медициналық мекемелерде қосымша сақтық шаралары енгізіліп, қызметкерлерге жеке қорғаныс құралдарын қолдану талап етілуде.

Мамандардың айтуынша, Нипах вирусы — емі жоқ, өлім-жітім деңгейі жоғары инфекция. Ол көбіне жеміс жарқанаттары арқылы таралады және адамнан адамға жұғуы мүмкін. Аурудың белгілеріне қызба, бас ауруы, әлсіздік, тыныс алудың қиындауы және ауыр жағдайларда ми қабынуы (энцефалит) жатады.

Сарапшылар алдағы күндері жаңа жағдайлардың тіркелу ықтималдығын жоққа шығармайды, сондықтан тұрғындарды санитарлық талаптарды қатаң сақтауға және дәрігерлердің ескертулеріне құлақ асуға шақырып отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар