Непал мен Қытай шекарасындағы табиғи апат болған аймақта Қазақстанның тағы бір азаматы болуы мүмкін екені белгілі болды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді, деп жазды Alash.kz.
Ведомствоға Қазақстанның үшінші азаматы туралы ақпарат түскен. Қазір оның апат аймағында болған-болмағаны және нақты қай жерде орналасқаны анықталып жатыр.
Қазақстандық дипломаттар Непал және Қытайдың мемлекеттік органдарымен байланыс орнатып, оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі уақытта Непалдағы табиғи апат салдарынан байланысқа шықпай қалған қазақстандық туристерді іздеу жалғасып жатыр. Қазақстанның екі елдегі дипломатиялық өкілдіктері тиісті қызметтермен тұрақты байланыста болып, азаматтардың орналасқан жерін анықтау үшін қажетті шараларды қабылдауда.