Әлеуметтік желілерде коуч Бақытбай Сабырбектің семинарларының бірінде ерекше бала тәрбиелеп отырған ананы кемсіткен бейнежазбасы тарап, қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Alash.kz.
Іс-шара барысында спикер көпбалалы ананың сырт келбеті мен жеке өміріне қатысты орынсыз пікірлер білдіріп, оны көпшіліктің алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырған.
Желіде тараған видеода коуч әйелдің жасын сұрап, оның жауабынан кейін сыни пікірін былайша білдіреді:
Мамааа! Сізді шамамен 48 жаста шығар деп ойладым! Қатты шаршағансыз! 42 жаста болса да менімен шамалас көрінетін әйелдер отыр ғой. Алты баласы бар. Неге өзіңізге қарамайсыз?
Әйел бұл сөздерге жауап ретінде өзінің ерекше баланы тәрбиелеп отырғанын, соның салдарынан өзіне уақыт бөле алмайтынын жеткізген.
Бұл жағдай қазақстандық қолданушылардың ашу-ызасын тудырды. Олар коучтың кәсіби этикасы мен мәдениетіне күмән келтіріп, пікір қалдыруда:
Осындай өтірік білгірлерді тыңдауға бармау керек!
Санасы таяз адамдардан ақыл сұрап бара ма?!
Кәсіби маман бола тұра, ерекше баланың жағдайынан хабарсыз болғаны масқара екен! Аутизмнің не екенін білмесе, аузын жауып тұрмай ма!