Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Неге менің балам жұртқа қазақша сөйле деп шырылдап жүруі керек?" - ақын Танагөз Толқынқызы

12:24, 13 маусым 2024 1497
Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасымен өзгеше өрнегін салған ақын, жастар да, жасамыстар оның жырын оқығанда ойға қалатын қаламгер Танакөз Толқынқызы Астана аулаларындағы қазақ тілінің "қолданыс аясын" сөз етіп, өз балаларының қазақша сөйлесіп, қазақы сипатта ойнауға дос іздейтінін, соны айналасынан шырылдап талап ететінін жеткізді, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы. 
 
Белгілі ақын Танагөз Толқынқызы балаларының жанайқайын жеткізіп, астаналықтардың қазақша сөйлемейтініне шағымданды: 
-Шеше, мен ауладан бір дос таптым.
Ол мүлде орысша білмейді ғой. Тек қазақ тілінде сөйлейді.
-Керемет болған екен.
-Қытайдан не Монғолиядан көшіп келген қазақтар шығар?
-Қалай сонда?
-Қазақтың көп жері Қытайға өтіп кеткен. Бұрын қазақтың жері болған. Қазір қытайдың жері. Ол жақтағы қазақтар орысша сөйлемейді.
Түстен кейін ұлыма футбол ойнайтын бутсы сатып алуға сыртқа шықтық.
-Шеше мен сені досыммен таныстырайыншы. Ол, әне, футбол ойнап жүр.
Мен футбол алаңына жақындадым.
Ақ сары келген қаланың баласы жүгіріп келіп амандасты.
Аты Нұрислам екен. Түркістаннан келіпті.
-Осы үйге көшіп келдіңдер ме?
-Жоқ, 3 ай каникулға келдік.
-Туысқандарыңның үйіне келдіңдер ме?
-Жоқ, анамыз осында тұрады. Ол саудамен айналысады.
-Сосын осы Астанада қаласыңдар ма?
-Жоқ, 3 айдан соң Түркістанға кетеміз.
Бір кезде қасымызға оның сүйкімді қарындасы келді.
-Менің атым Мәдина. Мен Нұрисламның қарындасымын.
Балалар өте сүйкімді. Және өте тәрбиелі. Ізетті, кішіпейіл, бауырмал.
-Танысқаныма қуаныштымын. Мен Еділдің анасымын.
Ауладағы балалар 99,9 пайызы орысша сөйлейді. Екі Түркістандық өз елінің астанасында емес, шетелде жүрген сияқты, - деп жазды автор.
 
Кейіннен балаларының айналасынан қазақша сөйлеуін талап етіп бәйек болатынын жеткізді. "Неге менің балам жұртқа қазақша сөйле деп шырылдап жүруі керек? Неге ол шаршауы керек?" деген көпшілікке ортақ сауал тастады:
Кейде Еділ ауланың балаларын үйге әкеліп ойнайды. Сол кезде ас үйде жүріп олардың әңгімесін естіп отырамын.
Еділ үнемі:
-Мұхаммед, қазақша сөйлеші!-деп шырылдап жатады.
Олар сөйлемейді.
Неге менің балам жұртқа қазақша сөйле деп шырылдап жүруі керек? Неге ол шаршауы керек?
Ауладан үйге кіргенде Еділ маған орысша сөйлей бастайды. Кейде автоматты түрде орысша жауап қайтарасың.
Сол кезде төргі бөлмеден үлкен ұлдың дауысы шығады:
Шеше, Еділге орысша жауап бермеші!-деп.
Тек қана қазақ тілінде сөйлейтін Қазақстанды көре аламыз ба?
Млн тілді игер. Мен де француз, ағылшын, орыс тілінде сөйлей аламын. Бірақ қарым-қатынас тілім - қазақ тілі ғой. Ол өзге тілді білме деген сөз емес. Өз тіліңде сөйле.
Балаларды ана тілінен айыру – үлкен күнә! Ол өз ұлтыңа соғыс ашумен бірдей! Соны есіңізде ұстаңыз! - деп түйіндеді қаламгер.
Естеріңізге сала кетейік, астаналықтардың ана тілінде сөйлемейтініне қатысты шағымды біз бұрын да жазғанбыз. ҚР Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан Астанадағы қазақ азаматтарының өз тіліне деген құрметсіздігі мен селқостығын айыптады. Оларды "арсыз, намыссыз қазақтарға" балап, ашық та батыл ұстанымын білдірген.  

Астанаға өңшең намыссыз, арсыз қазақтар жиналады білем, дәл Астанадағыдай өз тілінен безген өресіз ата-аналарды еш жерден көріп, еш жерден кездестірмеппін!

Автордың видеосы қызу талқыға түсіп, көптеген желі қолданушыларының ашу-ызасын тудырды. Қолданушылар мұндай құбылысты "мәңгүрттікке" балап, тіл саясатының дұрыс жүргізілмей отырғанын, туған тілді талап етуге келгендегі заңның солқылдақтығын жазғырды.

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар