Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов уәдені көп беріп, жыл соңында оны орындай алмағанын түсіндірумен шектелетін министрлердің әрекетін сынға алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оның айтуынша, қоғамда жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылып жатқанда, жалған уәде берген шенеуніктердің жауапсыз қалуы түсініксіз.
Депутаттың сөзінше, бұл мәселені оған бір ақсақал да көтерген.
«Неге жалған ақпарат таратқан адамдарды жауапқа тартасыздар да, жалған уәде берген министрлер жауапқа тартылмайды?» деп сұрады ол», – деді Әбенов.
Осыған байланысты депутат министрге уәде етілген жұмыстар орындалмаса, отставкаға кетуге дайынсыз ба деген сұрақ қойғанын айтты.
Мұрат Әбенов Үкімет мүшелерінің жалған уәде беруі мемлекеттің беделіне ауыр соққы болатынын атап өтті.
«Үкімет мүшелерінің өтірік айтуы, жалған ақпарат беруі – мемлекеттің беделіне орны толмас зиян келтірумен тең бағалануы керек», – деді депутат.
Ол мысал ретінде 2023 жылы өнеркәсіпке жауапты министр болған Қанат Шарлапаевтың мәлімдемесін келтірді. Әбеновтің айтуынша, сол жылы министр Қарағанды облысы Саран қаласында автокөлік дөңгелегін шығаратын зауыт жылына 3 млн дана, ал 2023 жылы 1 млн дөңгелек өндіріледі деп уәде берген.
Алайда депутаттың дерегінше, арада екі жыл өтсе де бұл көрсеткіш орындалмаған.
«Екі жыл өтті. Бір миллион дөңгелек әлі жоқ. Уәде берген Шарлапаев қайда? Ол да жоқ. Бір жыл бұрын қызметтен кетті. Ал сол уәде берілген жылы зауытта 1 миллион емес, бар-жоғы 147 дөңгелек қана шығарылған деген ақпарат бар», – деді Мұрат Әбенов.