Белгілі актер Дархан Мұсаев бұрынғы жары, танымал актриса Дариға Бадықованың актер Олжас Абаймен шаңырақ көтеруіне қатысты берген ашық сұхбатынан кейін өзіне бағытталған сындар мен хейтке қатысты әлеуметтік желіде жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұған дейін өнер иесі НТК арнасындағы «Не дейді» бағдарламасына сұхбат беріп, экс-сүйіктісінің басқа азаматпен тұрмыс құрғанын әлеуметтік желі арқылы білгенін жеткізген болатын. Сол сұхбатында Дархан Мұсаев бұл жаңалықты естігенде бойында ешқандай ерекше сезім немесе күйзеліс болмағанын айта келе, бұрынғы отбасылық өмірде көңіліне қаяу түсірген жайттарға да тоқталған еді. Ол бұрынғы жарына бақыт тілеп, іштегі өкпесін де ашып айтқан болатын.
Десе де, аталған сұхбат қоғамда үлкен резонанс тудырып, ел арасында актердің мекенжайына түрлі сыни пікірлер мен хейт жауған еді. Осы жағдайдан соң Дархан Мұсаев жеке парақшасында жазба жариялап, халықтың реакциясына қатысты өз ұстанымын төл сөзімен былайша білдірді:
«Сені қандай жағдай болса да түсінетін, әрдайым демеу болатын бір адамның бар екені қандай жақсы… Соңғы сұхбатқа байланысты, қалған адамдар не десе де, өз еркі. Мен ешкімді кінәламаймын. Әркімнің өз шындығы, өз пікірі бар. Әр адамның қателесуге де құқығы бар. Аман болайық!», – деп жазды актер.
Осылайша, өнер иесі өзіне айтылған айыптаулар мен сынға байсалдылық танытып, әркімнің өз көзқарасы мен пікір білдіру құқығы бар екенін меңзеді.