Журналист Асхат Ниязов Қытайға барып, қазақ тілінде сөйлей алмағаны үшін көпшіліктің талқысына түсіп, ауыр сын естіді, деп жазады Alash.KZ.
Ол Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан Қорғас халықаралық сауда орталығында түсірілген бейнежазбаны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Видеода журналист жергілікті қазақтармен тілдесуге әрекет жасайды.
Кадрлардан Асхат Ниязовтың тұрғындарға орыс тілінде жалақы мөлшерін сұрағаны байқалады. Алайда жергілікті тұрғындардың бірі оның сұрағын түсінбейтінін айтып, қазақ тілінде сөйлеуді өтінеді.
Осыдан кейін журналистің жанында жүрген танысы оның сұрағын қазақ тіліне аударып береді. Ал Қытайдағы қандастар жұмысшыларға төленетін жалақы көлеміне қатысты жауап беріп, қажет болған жағдайда жалдамалы еңбекке 4 мың юань төлейтіндерін жеткізген.
Әңгіме соңында жергілікті тұрғындар журналистке қазақ тілінде сөйлеудің маңызын еске салып, «Қазақша сөйлейік, бәріміз қазақпыз» деген ескерту жасайды.
Оқиғадан кейін Асхат Ниязов өзін жайсыз сезінгенін жасырмады. Ол әлеуметтік желіде жазба жариялап, тіл меңгерудегі олқылығы үшін өзін сынға алған.
«Қытайдағы қандастарымыздың өзі қазақша білмегенім үшін ұялтты. Не ағылшын тілін, не қытай тілін, тіпті қазақ тілін де толық меңгермегенмін. Бұл – мен үшін үлкен сабақ», – деп жазды журналист.
Аталған жағдай әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, қолданушылар түрлі пікір білдірді. Бірі журналисті сынға алса, енді бір топ оның өз кемшілігін ашық мойындағанын оң бағалады.
Желі қолданушылары арасында: «Қытайдағы қазақтарға барып орысша сұрақ қою орынсыз», «Қателігін мойындауы – ер азаматқа тән қасиет», «Қазақ жігіті бола тұра қарапайым сөздерді айта алмауы қынжылтады» деген пікірлер жазылды.