Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Назарбаевтың қызметін қамтамасыз етуге 5,1 миллиард теңге бөлінбекші

06:00, 14 сәуір 2022 250
7 сәуір күні «Ашық НҚА» порталында жарияланған «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізулер туралы құжатқа сәйкес Қазақстанның экс президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметін қамтамасыз етуге 5,1 миллиард теңге бөлінбекші. Оның ішінде: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Кеңсе жұмысына 2,6 миллиард теңге, Елбасының қызметін қамтамасыз етуге 1,2 миллиард теңге, Тұңғыш Президент кітапханасының жұмысына 1,3 миллиард теңге жұмсалмақ. Заң жобасы сәуірдің 21-не дейін өтетін қоғамдық талқылауға түседі. Дәл қазіргі қысылтаяң шақта «зейнеткер Назарбаевқа» мұндай ірі соманы бөлудің керегі не? Бұл мәселе жөнінде Adyrna.kz тілшісіне сұхбат берген саясаткерлер өз пікірлерін білдіріпті.

Балташ ТҰРСЫМБАЙ, саясаткер, қоғам қайраткері:

 «НАЗАРБАЕВ БАЙ МЕМЛЕКЕТТІ ҚАРЫЗҒА БАТЫРДЫ»

 
«Бюджеттен бөлініп жатқан ақшаны "Назарбаевтың кітапханасына, Елбасы жүріп тұрады, анау-мынау дегенге" мына біздің дарақы депутаттар, сосын терең ойламайтын үкімет ақша бөліп отыр. Оған қандай қаржы керек? Ол өзі дүниежүзіне «мен енді зейнеткермін» деп жар салды емес пе. Мінекей, жазда 82-ге келеді. Сондықтан 82-ге келген адамға нендей кітапхана керек? Нендей тағы да басқа қызметтер керек? Мына біздерге орташа есеппен қанша зейнетақы төлесе, оған да соншама зейнетақыны төлеу керек те, содан кейін Назарбаевқа мына бюджеттен ақша бөлуді тоқтатуымыз тиіс! Ұят, ысырап! Егер дүниежүзі елдерін алып қарайтын болсақ, біздің Қазақстан мемлекеті ең бай мемлекет, алайда Назарбаев сол бай мемлекетті қарызға батырды. Қазір 170 миллиардтай шетелге қарызбыз. Оны халық болып төлеуіміз керек. Бұл ақшаны Назарбаев емес, біздің балаларымыз, немерелеріміз төлейді...»

 

Саясаткердің айтуынша, Назарбаев әулетінің адамдары кем дегенде 1 миллиардтан астам долларды шетелге шығарып алған.

 
«Осы ақшаны әкелсін! Қойсың орнына. Құйсын. Ал енді тағы да шулатып мына бюджеттен ақша бөліп отыр. Иә, Назарбаев анау кітапханада отыр. Оны өзі жасады. Жарайды енді ол кітапхананы бюджетке енгізсін, кітапхананың ішінде 10-15 тен артық кісі жұмыс істемейді. Соларға жалақы төлесін, күзетшілерге де жалақы берсін. Содан кейін егер түбі қандай да бір ремонт керек болса бюджеттен ремонт жасасын. Ал енді оған не үшін кітапхана керек, не үшін кеңсе керек? Қайда ұшады? Қайда барады? Несі бар? Зейнеткерсің бе? Демал. Қарапайым халықпен бірлесіп, ортақ ұшаққа мінсің. Рейсовый ұшақты пайдаланып, сонымен демалысқа барсың. Теңіз жағасында отырғысы келсе, халықпен бірге Түркияға, Дубайға барсың, Абу-Дабиге барсың. Ол жаққа да ұшақтар ұшады. Ал енді ол болса, мемлекеттің ұшағын мініп алып, шайқап жүр. Енді осының бәрін қою керек қой».

 

Саясаткердің айтуынша, Назарбаевқа бюджеттен ақша бөлуді дереу тоқтатуымыз тиіс!

 

«БҰНЫҢ БАРЛЫҒЫН ДЕРЕУ ТОҚТАТЫП, ХАЛЫҚ БОЛЫП ҚОЛ ЖИНАУЫМЫЗ КЕРЕК!

 
«Біз енді қашан есімізді жиып, ел боламыз? Есімізді жиып, ел болуымыз үшін мынаны қою керек! Назарбаевқа бәлең миллиард,  мына жерге бәлең миллиард, нендей миллиард? Не жасапты ол қазақ үшін? Қазақты қарызға батырып, халықты қайыршы қылдырып, қаңғыртып жіберді! Сол үшін оған тағы да бірнеше жыл 2022-2024 қаржы төлеу керек пе?  Бұның барлығын дереу тоқтату керек, қою керек! «Тоқтатыңдар анау бюджеттегі ақшаны» - деп халық болып осыған кірісіп, қол жинауымыз керек! Сол кезде бұл тоқтайды. Істеп жатқан тірліктері өте ұят...»

 

Дос КӨШІМ, саясаттанушы, қоғам белсендісі:

 

«НАЗАРБАЕВ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТЕТІНДЕЙ МАҢЫЗДЫ НЕ ІСТЕДІ СОНШАМА?»

 
«Егер Назарбаевқа жәй қызметі үшін ғана осыншама миллиардаған ақша бөлінетін болса, онда бұл сөзсіз халыққа түсініксіз болады. Неліктен оған осынша ақша беріп отыр?! Бұл жерде екі мәселе бар. Бірінші мәселе: міндетті түрде 30 жыл ішінде халықтың көңілінен шығатындай жұмыс жасамаған президентке неге осындай ақша береді? - деген халықтың реніші болады. Шынымен, ол осындай құрмет көрсететіндей маңызды не істеді соншама?! Екінші мәселе: осындай ақшаны бөлген күннің өзінде Назарбаев қоғамнан қалыс қалмай соған араласып, белгілі бір жұмыстар атқарып жүр ме? - деген мәселе. Осындай екі заңды сұрақ туындайды. Мен осы екі сұраққа да негативті жауап берер едім».

 

Саясаттанушының айтуынша, Назарбаевқа 30 жыл бойы құрмет көрсетіп, оған мемлекеттің ақшасын бөліп, билікте ұстап отырудың қажеті жоқ еді.

 

«ЗЕЙНЕТКЕР ИЕЛІГІНДЕГІ МҮЛІКТЕРДІҢ БӘРІН МЕМЛЕКЕТ ҚАЙТАРЫП АЛУЫ КЕРЕК»

 
«Өйткені, Назарбаевтың жасаған ісі, атқарған жұмысы Қазақстанды белгілі бір ұшпаққа көтермегені айдан анық. Екіншіден, «ол үлкен бір қызмет жасап жатыр, оның қасында қаншама адамдар бар, оған осыншама ақша бөлінуі керек» деген нәрсені тағы көрмей отырмыз. Себебі, ол «мен зейнеткермін» деп ашық айтты. Ол зейнетақы ақшасын алып отыр. Әрине, мүмкін өз иелігінде көлігі, саябағы, бір үйі қалатын та шығар. Болды. Одан басқа зейнеткер иелігіндегі мүліктердің бәрін мемлекет қайтарып алуы керек».

 

Рысбек СӘРСЕНБАЙ, саясаткер, қоғам қайраткері:

 

«ТОҚАЕВ ӨЗІНІҢ ҰСТАЗЫНА ЛАЙЫҚТЫ МЫҚТЫ ШӘКІРТ БОЛҒАНЫН ДӘЛЕЛДЕДІ»

 
«Гиннесс рекордтар кітабына жазу үшін зейнеткерге осындай қаражат бөлу дегеніміз өте керек нәрсе. Мынау «зейнеткерлерге қамқорлық жасау мәселесі» осынау Гиннесстегі рекордтар кітабына енгізілсе, онда Назарбаевтың да аты шығады, Қазақстанның да аты шығады. Ал Қазақстан да, Назарбаев та қашан да өз атағын шығаруға құмар. Сондықтан Тоқаев өте дұрыс істеп отыр. Ол қанша дегенмен Назарбаевтың шәкірті ғой. Мінеки, өзінің ұстазына лайықты мықты шәкірт болғанының дәлелі ретінде құптаймыз! Жарайсың, Тоқаев! Бұл өте таңданатындай нәрсе. Бұны осылай тек мазақтап айтпасақ, серьезный әңгіме айту деген мүлдем дұрыс болмайды. Өзімізді-өзіміз мазақтап, өз-өзімізге күлетін қоғамда өмір сүріп жатырмыз ғой. Назарбаев анадай, мынадай деп айту,  түсіндіру, тіпті оны ақтау, жақтау немесе даттау ешқандай да керек емес».

Қоғам қайраткерінің айтуынша, бұл біздің ақымақтығымыздың ең жақсы көрсеткіші.

 

«АҚШАНЫ ЖЕЛГЕ ҰШЫРУ - НАЗАРБАЕВҚА ӨТЕ ЖАРАСЫМДЫ!»

 
«Өйткені, Назарбаевтан қоғамға, мемлекетке ешқандай пайда жоқ. Соншама зиянкестік жасау, ақшаны желге ұшыру дегеніміз - Назарбаевқа өте жарасымды! Өйткені, ол 30 жыл мемлекетті басқарған кезінде қаншама миллиардтарды желге ұшырды, неше түрлі симпозиумдар, дінбасыларының жиындарын, ЭКСПО, спартакиадалар өткізді және т.б. Халыққа, жалпы адамзатқа ешқандай пайда әкелмей, құр босқа ақшаны желге ұшырды.  Бұл халыққа деген жаны ашымастықтың, қаражатты жеке бастық мүддеге қалай болса солай жұмсаудың ең бір сорақы көрінісі».

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» ЕМЕС «КЕРІ КЕТКЕН ҚАЗАҚСТАН»

 

Рысбек Сәрсенбайдың пікірінше, Қазақстанды «Жаңа Қазақстан» демеу керек, «Кері кеткен Қазақстан» деу керек.

 
«Өйткені, ілгерілеу жоқ. Жаңалық жоқ. Тек қана кері кетіп барамыз. Халықтың әлеуметтік жағдайы, экономикалық жағдайы, саяси тұрғыдан, қай жағынан алып қарасақ та, ол «Кері кеткен Қазақстан». «Жаңа Қазақстан» деп өздерін-өздері мазақтап отыр. «Жаңа Қазақстан» деген атау анау Әміржан Қосановқа, Айдос Сарымға, солардың тобына жарасымды болатын. Олар «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп біраз жерге барды. Билік солардың идеясын пайдаланып, соған малданып отыр».

 

«ТОҚАЕВТЫҢ КЕУДЕСІНДЕ ЖАН ЖОҚ, ОЛ ТЕК ҚАНА СӘНДІК ҮШІН ТҰРҒАН ӘДЕМІ ЖИҺАЗ»
 

«Әблязовтар Тоқаевты «жиһазға» теңейді ғой. Ол бұл жерде жәй ғана әдемі жиһаз. Кеудеде жан жоқ, ой жоқ, мақсат жоқ, намыс жоқ, жігер жоқ, әрекет жоқ. Тек қана сәндік үшін тұрған нәрсе. Ал президент ондай болмауы керек. Президент деген елдің басшысы, бұрынғы хандар, патшаларды еске түсірейікші. Осы лауазымды сол кездері қарайтын болсақ, олар мінезді, табанды болған. Мемлекетті басқару дегеніміз үлкен жауапкершілік. Сондықтан билікке барған адам оған лайықты болуы тиіс»

Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, қазіргі қазақ халқының саяси сауаты артып, көзі ашылып, қоғам бұрынғыдан гөрі ашық бола түсті.

 

«ДЕПУТАТТАРДА ТАУЫҚТЫҢ МИЫНДАЙ МИ ЖОҚ!»

 
«Біздің халық оларды «салақтатып мойнымызда қашанға дейін отырасыңдар» деп иықтан түсіріп лақтырып тастайтын жағдайда отыр.  Мұндай қаражатты Тоқаев өз қалтасынан алып бермейді. Қаражат мәселесін шешетін, бекітетін Парламент отыр. Тоқаевтан бөлек қанша депутат отыр, қанша сенатор отыр. Солардың барлығында демек тауықтың миындай ми жоқ. Олардың барлығы кілең тауықтар...»

 

Саясаткердің пайымдауынша, бұның барлығы жәйдан-жәй емес. Олардың арасында әлі де тартыс жүріп жатыр.

 

«ТОҚАЕВ НАЗАРБАЕВҚА ҚАРСЫ МІНЕЗ КӨРСЕТЕ АЛМАЙДЫ, ОНЫҢ БЫЛЫҚТАРЫ БАР»

 
«Әлі де бұлар (Назарбаев пен Тоқаев – ред) бір-бірімен қырқысып, пышақтасып отыр. Екеуінің арасында және екеуінің тобының арасында тартыс жүріп жатыр. Тоқаев та өзінің тобын тартып, жинақтап отыр. Ал анау берілгісі келмейді. Егер Тоқаевтың өзі таза адам болса, егер оны халық сайлаған президент болса, оның әрекеті басқаша болар еді. Ол мінез көрсете алар еді. Ал Тоқаевтың өзінің де бір компроматтары бар. Мұндай әрекет жасай алмауы сол өзінің бір былықтарының болуынан... Мәселен, ол өзінің кеңесшісі болған адамды мемлекеттік құпияны ашты, сатқындық жасады деп соттады ғой. Оның былықтарына осыны жатқызуға болады. Бұның сондайға қатысы болуы мүмкін. Өзі мемлекеттік құпияны ашып қойды ма, ашық ауызданып қойды ма, басқа бірдене бүлдіріп қойды ма, сондай жағдайлары бар. Оның да баласы бар, баласының бизнесі бар деген сияқты ғой».

Зарина ӘШІРБЕК
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар