Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Нәресте қаза тапты»: Қызылордада ана мен сәбиді қағып, қашып кеткен ер адам жайында дерек шықты

15:43, 16 қазан 2026

Қызылордада анасы мен бес айлық нәрестені қағып, оқиға орнынан бой тасалаған жүргізушіні полиция қызметкерлері жедел іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалар мен алдын ала мәліметтерге сәйкес, Mitsubishi Lancer автокөлігін тізгіндеген жүргізуші жаяу жүргіншілерді соққаннан кейін тоқтамастан қашып кеткен. Көлікті 2000 жылы туған азамат басқарғаны айтылуда.

Осы жантүршігерлік апат салдарынан 2026 жылғы 20 мамырда дүниеге келген кішкентай нәресте басынан ауыр жарақат алған. Дәрігерлер сәбидің өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салғанымен, ол ауруханада көз жұмды. Ал оның анасы ауыр жарақаттармен (басы зақымданып, қабырғалары мен жамбас сүйегі сынған) шұғыл түрде аурухананың жансақтау бөліміне түсті.

Қайғылы жағдайға байланысты Қызылорда облыстық Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасап, күдіктінің жеке басы анықталғанын растады.

Тәртіп сақшылары қалаға кіретін және шығатын барлық жолдарда бақылауды күшейткен.

Полиция департаменті өкілдері аталған оқиғаға қатысты төмендегідей түсінік берді:

«Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы және оқиға орнынан кетіп қалу деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдіктінің жеке басы анықталды. Қызылорда облысының Полиция департаменті оның жүрген жерін анықтау және ұстау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда. Қалаға кіре беріс жолдарда бақылау күшейтілді. Күдіктіні іздестіру және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларына Полиция департаментінің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылды».

Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр, күдіктіні қолға түсіру үшін құқық қорғау органдарының барлық күш-қуаты жұмылдырылған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар