Алматыда қарттар үйін паналаған қария қызметкерлердің күш көрсететінін айтты, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Әлеуметтік желіде таралған видеода қария өзіне жасалған қатігез қарым-қатынастан қорқып қалғандығы байқалады.
"Күш көрсетіп, қатігездік танытқаны сондай, істегендері адамшылыққа жатпайды. Су ішкім келеді, бірақ оған да жете алмадым. Тексерілейін деп дәрігер шақырамын. Бірақ ешкімнің қарағысы жоқ, тіпті көмектеспейді. Мұның бәрін істеп отырған Мира есімді санитар әйел. Бәрі соны тыңдайды, соған бағынады. Ал ол айғайлағаннан басқа ештеңе білмейді. Тура азаптайтын жер дерсің”, – дейді қария.
Stan.kz мәліметіне сүйенсек, қарттар үйінің басшысының сөзінше, 2024 жылы 26 тамызда орталықта мәдени ұйымдастырушы қызметін атқаратын азамат қария Б-ның дәрменсіз күйін пайдаланып, рұқсатсыз видеоға түсіріп, таратып жіберген. Сондай-ақ мекеме видео авторын жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартатынын ескертті.