АҚШ Қорғаныс министрлігі Иранның оңтүстігіндегі Минаб қаласында орналасқан қыздар мектебіне жасалған соққыға қатысты ресми тергеу амалдарын бастады, деп жазады Alash.kz.
Шабуыл салдарынан мектеп оқушыларының арасында қаза тапқандар бар. Пентагон басшысы Пит Хегсет ведомствоның аталған оқиғаның барлық мән-жайын жіті тексеріп жатқанын растады. Ол брифинг барысында әскерилердің азаматтық нысандарды нысанаға алмайтынын алға тартып, былай деп мәлімдеді:
«Айта алатыным — біз бұл жағдайды мұқият тексеріп жатырмыз. Әрине, біз ешқашан азаматтық нысандарға соққы жасамаймыз».
Бұған дейін, 3 наурызда Марко Рубио мектепке жасалған әуе шабуылына америкалық әскерилердің қатысы болуы мүмкін бе деген сұраққа нақты жауап бере алмаған болатын. Ол бұл мәселенің шешімін Пентагон құзырына қалдырып, АҚШ әскерінің білім ордасына әдейі соққы жасауы екіталай екенін жеткізді. Қазіргі таңда халықаралық деңгейде үлкен резонанс тудырған оқиға бойынша сараптамалық жұмыстар жалғасуда.