Бұған дейін «Спортинг», «Манчестер Юнайтед», «Валенсия» клубтарында және Португалия ұлттық құрамасында өнер көрсеткен атақты футболшы Луиш Нани бүгін таңертең Ақтөбе қаласына ұшып келді, деп хабарлайды Alash.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, титулды ойыншы жергілікті «Ақтөбе» футбол клубымен бір жылдық келісімшартқа қол қоюы мүмкін. Сонымен қатар Нанидің клуб құрылымында халықаралық ілгерілету бағытындағы менеджерлік қызметті де қатар атқаруы ықтимал.
Болжам бойынша, оның ай сайынғы жалақысы Қазақстан Премьер-лигасындағы рекордтық деңгейге жетіп, 70 мың АҚШ долларын (жылына 840 мың доллар) құрауы мүмкін.
Әлеуметтік желілерде Луиш Нанидің Ақтөбе әуежайында қарсы алынған сәтінен бейнежазба тарады. Кадрлардан Англия Премьер-лигасының төрт дүркін чемпионы және Еуропа чемпионын дәстүрлі қазақ тағамдары - қымыз бен бауырсақпен қарсы алғанын көруге болады.
Сонымен қатар 35 жастағы нигериялық жартылай қорғаушы Виктор Мозес Қызылорда қаласына келді. Футболшының қалаға ұшып келген сәтінен бейнежазбаны «Қайсар» клубының баспасөз қызметі Instagram әлеуметтік желісінде жариялаған.
Мәліметке сәйкес, жақын уақытта Виктор Мозес жергілікті «Қайсар» клубына ауысу рәсімдерін толық аяқтап, команданың жаңа ойыншысы ретінде ресми түрде таныстырылады деп күтілуде. Футболшы жанкүйерлерге арнаған қысқа үндеуінде Қызылордаға келгеніне қуанышты екенін айтып, алдағы ойындарды асыға күтетінін жеткізді.
«Сәлем, жігіттер, бұл - Виктор Мозес. Мұнда болғаныма қуаныштымын және ойын бастауға асығып жүрмін. Алға, „Қайсар“!» - деді ол.