АҚШ-тың Орегон штатындағы Silver Rail бастауыш мектебінде 16 жастағы жасөспірім оқ атып, үш бала мен мұғалім қаза тапты. Қайғылы оқиға кезінде мұғалім шабуылдаушыға қарсы тұруға тырысқан, ал оқиға орнына кірген оқушылардың әкесі жасөспірімге бірнеше рет оқ атқан. Бұл туралы полиция мәліметіне сүйенген ақпаратта айтылған, деп жазды Alash.kz.
Қаза тапқандардың арасында бес, сегіз және 11 жастағы үш бала, сондай-ақ 25 жастағы мұғалім Меган Ламберт бар.
Полицияның мәліметінше, атыс кезінде мұғалім жасөспірімге телефонын лақтырып, оны құлатып, күресуге тырысқан. Осы сәтте сыныпқа 36 жастағы Кейлаб Джаманко жүгіріп кіріп, заңды түрде сатып алған тапаншасынан шабуылдаушыға бірнеше рет оқ атқан. Жасөспірім полиция келгенге дейін көз жұмған.
Тергеу деректеріне сәйкес, бұрын осы мектепте оқыған жасөспірім алдымен мылтықты қоршаудан асыра лақтырып, кейін мектеп аумағына кірген. Ол әуелі жолда келе жатқан жүк көлігіне оқ атқан. Содан соң құлыптаулы әйнек есіктерді атып сындырып, сыныпқа басып кірген.
Қазіргі уақытта полиция шабуылдың себебін және жасөспірімнің атыс қаруын қалай алғанын анықтап жатыр.