Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Момышұлының басын кескені үшін Тұрсынбектің әйелінің үстінен полицияға арыз түсті

18:26, 04 шілде 2024 1453

«Офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігі Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы М.С.Төлебаевтың атына арыз жолдап, Мөлдір Мұқанды Кеңес одағының батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының бейнесін мазаққа айналдырғаны үшін заң алдында жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы nege.kz сайтына сілтеме жасап.

Бағдарламада Бауыржан Момышұлының басының орнына өз басын қойып, Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқанованың батырды келемеж еткенін көруге болады.

Кейін дау тудырған түсірілімге қатысты түсініктеме берген арна басшысы жоба форматын түсіндіре келе: «Ойын шарты батыр бабамыз Бауыржан Момышұлын және өзге де танымал тұлғаларды мазақ ету мақсатында емес, дәріптеу үшін жасалғанын айтамыз», – деп ақталған.

Шоу-бизнес өкілінің бұл әрекетін батырдың келіні Зейнеп Ахметова да сынға алып, наразылық танытқан еді.

Nege тілшісі «Офицерлер одағы» қоғамдық бірлестігі төралқасының төрағасы, отставкадағы генерал-майор Махмұд Телеғұсовқа хабарласып, арыздың жай-жапсарын сұрады.

Бұл оқиғаға байланысты Қазақстанның түпкір-түпкірінен офицерлер бізге хабарласып, наразылығын білдіріп жатыр. Мұндай арсыздыққа қалай жол беріп қойдық? Дүние жүзіне танылған батырымызды келеке жасаған сайқымазақтардың әрекетіне неге тосқауыл қоймаймыз? Біз, Қазақстанның офицерлері, телеарнаның және батырды мазақ еткен әйелдің әрекетін қатаң айыптап, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеміз! Бұл – Халық батыры Бауыржан Момышұлын ғана мазақ ету емес, барлық соғыс ардагерлері мен офицерлерді, керек десеңіз, қазақ халқын мазақ ету! Мұндай бассыздыққа ешқашан жол беруге болмайды!, – деді Махмұд Өтегенұлы.

Арызда «Қазақстан Республикасының азаматы Мөлдір Мұқанның әрекетінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 131-бабының 2-бөлігінің нормаларына сай қылмыстың белгілері бар екені» айтылған. Сондай-ақ «Офицерлер одағы» Мөлдір Мұқанға қатысты қылмыстық іс қозғауды, телеарна басшылығын жауапқа тартуды сұрайды.

Генерал М.Телеғұсовтың айтуынша, Астана қалалық Полиция департаменті арызды қабылдап алған және жуық арада шешімін жария етуі тиіс.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар