Таразда мектеп ішінде болған төбелес қайғылы жағдаймен аяқталып, соның салдарынан бір жасөспірім темір торға тоғытылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот құрдасының өліміне себепкер болған оқушыға қатысты қылмыстық істі қарауды аяқтады.
Тергеу барысында анықталғандай, оқиға білім ордасының ішінде орын алған. Тоғызыншы сынып оқушылары арасындағы келіспеушілік соңы физикалық күш көрсетуге ұласқан. Соққы салдарынан жасөспірім мойын тұсынан ауыр жарақат алып, дәрігерлер келгенше оқиға орнында жан тапсырған.
Сот шешім шығару кезінде айыпталушының кәмелет жасына толмағанын, бұрын тәртібі жақсы болғанын және кінәсін ішінара мойындағанын назарға алды. Істе жауапкершілікті ауырлататын жағдайлар тіркелмеген.
Сот үкімімен кінәлі деп танылған жасөспірім 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оның ата-анасы немесе заңды өкілдері жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Қазіргі уақытта үкім әлі ресми түрде күшіне енген жоқ.