Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы мобильді интернет бағасын арзандатуды талап етті, деп жазады Alash.kz.
“Ұялы байланыс ұялмай ма?
“Ұялы байланыс саласындағы монополистер абоненттік төлемдерді 2 есе төмендету керек, интернет бағасын 2 есе арзандату керек”. Дәл осы талапты дәйектермен келтіріп Үкіметке хат ретінде жолдағанмын.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жолдаған жауаптан үзінді:
“…тарифтерді мемлекеттік реттеу жойылды”.
“…қызметтердің бағалары мен тарифтері кәсіпкерлік субъектілерінің негізделген шығындары негізінде өздігінен дербес айқындалады”.
“…Байланыс операторларының мәліметінше, қызметтер құнының өсуі бірқатар объективті факторлармен байланысты: шығындардың артуы, желіге түсетін жүктеменің ұлғаюы жағдайында байланыс пен интернет қызметтерінің сапасын арттыру қажеттілігі, сондай-ақ қамту аймағын кеңейту үшін елеулі инвестициялардың қажеттігі”.Жауаптың сықпыты сондай. Мен келіспеймін! Қарынды ашырған, қадірді қашырған жауап. Халықты мобильді интернет бағасының әбден титықтатқанына куәміз.
Бұл Қазақстандағы 26 млн 300 мың ұялы байланыс қолданушысы мен 18,8 миллион мобильді интернет қолданушысына тікелей қатысқан мәселе!
2 сәуірде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жауапты қызметкерлерімен Мәжілісте маңызды отырыс өткіземін”,- деп жазды Нартай Аралбайұлы.