Ақтөдеде қылмыскердің қолында кепілде болған әйелдің жағдайы ауыр. Бұл туралы Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдері хабарлады.
– Бір пациент ота үстінде көз жұмды. Ал екіншісінің жағдайы өте ауыр. Хал үстінде жатыр. Дәрігерлердің бақылауында, – деді Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұратжан Ханғалиев.
Естеріңізге сала кетсек, өткен түнде Ақтөбеде жантүршігерлік оқиға болды. Қаланың Мәскеу ауданындағы жеке үйдің біріне белгісіз адам баса-көктеп кіріп, үш тұрғынды кепілге алған болатын. «102» нөміріне түскен ақпарат бойынша полиция оқиға орнына жедел жеткен. Әуелде полицейлер күдіктімен келіссөз жүргізуге тырысқан. Алайда күдікті көнбеген соң полиция тұтқындарды құтқару операциясына кіріскен. Күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазір тергеу жүріп жатыр.