Қоғам белсендісі Мирболат Мырзатайұлы сот үкімі заңды күшіне енбей жатып, Алматыдан Тараз қаласындағы түзеу мекемесіне ауыстырылды. Бұл ақпаратты Адам құқықтарын қорғау бюросы таратты, деп жазады Alash.KZ.
Белсендінің жұбайы Гүлшат Бишуинованың айтуынша, 12 қаңтарға қараған түні Мирболат Мырзатайұлын Алматыдағы тергеу изоляторынан алып кетіп, Жамбыл облысындағы №67 мекемеге орналастырған. Ал оның қорғаушысы Жанар Балғабаева бұл әрекетті заң талаптарына қайшы деп бағалап отыр.
Адвокаттың түсіндіруінше, қазіргі таңда белсендінің ісі бойынша апелляциялық шағым әлі қаралмаған. Заңнамаға сәйкес, бірінші инстанция үкімі шыққаннан кейін сотталушының оны жоғары тұрған сотта қайта қаратуға құқығы бар. Апелляциялық сот түпкілікті шешім қабылдағанға дейін сотталған адам бастапқы мекемеде қалуы тиіс.
— Мирболат Мырзатайұлы төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкіммен келіспей, Алматы қалалық сотына ресми шағым түсірді. Бұл процесс аяқталмайынша, оны басқа өңірдегі жазасын өтеу орнына ауыстыруға негіз жоқ. Осы жағдайда оның Таразға жөнелтілуі бірқатар заңды сұрақтар туындатады, — деп мәлімдеді қорғаушы.
Адам құқықтарын қорғау бюросы әлеуметтік желілерде белсендінің сот процесіне жаппай қатысуға шақырған бастамалар пайда болғанын да атап өтті. Алайда бұл науқанның Мырзатайұлын басқа қалаға ауыстыру шешіміне ықпалы болған-болмағаны әзірге белгісіз.
Мирболат Мырзатайұлы өткен жылдың қыркүйек айында қамауға алынған. Оған қоқыс шығару қызметінің басшысынан мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап еткені үшін «ұлтаралық алауыздықты қоздырды» деген айып тағылған. Алматы қаласының Алмалы аудандық соты белсендіні төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Ол өзіне тағылған айыпты да, шығарылған үкімді де мойындамайтынын мәлімдеп, апелляцияға жүгінетінін хабарлаған.