Ресейлік және америкалық кәсіпкер Алекс Машрабов ресми түрде Қазақстан Республикасының азаматтығын алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеп, бұрын Ресей азаматы болған кәсіпкерге елдің көк паспортын салтанатты түрде табыстағанын жеткізді. Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа биылғы 30 қазанда қол қойған. Ведомство басшысы бұл қуанышты жаңалықпен бөлісе отырып, ойын білдірді:
«Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматының төлқұжатын қуана табыстадым. Биылғы 30 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды. Осы маңызды оқиғамен құттықтаймын», — деді Жаслан Мәдиев.
Алекс Машрабов қазақстандық азамат Ерзат Дулатпен бірге генеративті жасанды интеллект (AI) негізінде бейнелер мен суреттер сияқты визуалды контентті жасауға және өңдеуге арналған «Higgsfield» халықаралық технологиялық компаниясының негізін қалаған. Бас кеңсесі АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында орналасқан бұл стартап – нарықтық бағасы 1 миллиард доллардан асқан, Қазақстан тарихындағы алғашқы «единорог» (Unicorn) компания болып саналады.
Өз сөзінде министр Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні дамытуға және талантты мамандарды қолдауға ерекше мән беретінін атап өтіп, жаңа азаматқа серіктестік пен сенім үшін алғысын жеткізді. Мәдиев өз сөзін былай деп түйіндеді:
«Алекс, Қазақстанға сенім білдіріп, еліміздің азаматы болуды таңдағаныңыз үшін рақмет. Бірлесе таланттарды қолдап, жаңа өнімдер жасап, Қазақстанның технологиялық әлеуетін нығайтамыз деп сенемін», — деп жазды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі.