Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желілерде белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың атынан ашылған жалған аккаунттар арқылы ақпарат таратылып жатқанын айтып, азаматтарға ескерту жасады, деп жазады Alash.KZ.
Министрдің сөзінше, кейбір пайдаланушылар жаңа Конституция жобасына қатысты деректерді әдейі бұрмалап, қоғамда алаңдаушылық пен түсініспеушілік тудыруды көздеп отыр. Мұндай әрекеттер арандатушылық сипатқа ие және халықты шатастыруға бағытталған.
Ведомство басшысы соңғы уақытта танымал тұлғалардың атын жамылған фейк-парақшалар көбейгенін атап өтті. Атап айтқанда, Мұхтар Шаханов, Шавкат Рахмонов және өзге де белгілі адамдардың есімімен ашылған аккаунттар арқылы тіл мәселесі, жерді сату сияқты қоғам үшін аса сезімтал тақырыптарда жалған үндеулер мен мәлімдемелер жариялануда.
Аида Балаева жұртшылықты тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырып, жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауапқа тартылатынын ескертті. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер үшін Қазақстан заңнамасында қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.