Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Менің өмірім сізге сабақ болсын!: Айгүл Иманбаева жасырған шындығын ашты

10:39, 28 шілде 2026

Айгүл Иманбаева әкесімен 40 жылдан кейін қауышқанын айтып, көпшілікке ой салды, деп хабарлайды ALASH.KZ.

Қазақстандық әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында жеке өміріне қатысты әсерлі оқиғамен бөлісіп, ата-ананың қадірін тірісінде бағалауға үндеді.

Өнер иесі балалық шағында ата-анасының ажырасып кеткенін, сол себепті әкесінен ұзақ жылдар бойы жырақ жүргенін айтты. Оның сөзінше, араға 40 жыл салып әкесімен қайта қауышуы өміріндегі ең маңызды әрі жүрекке жылу сыйлаған сәттердің біріне айналған.

«Төрт-бес жасымда ата-анам екі жаққа кетті. Көпшілік мұны жай ғана өмірдің бір сынағы деп қабылдауы мүмкін. Бірақ арада 40 жыл өткен соң әкеммен қайта қауышқанымда ғана өзімді толыққанды сезіндім. Екі қанатым қайта біткендей әсерде болдым», – деп жазды актриса.

Айгүл Иманбаева бұл оқиғаны бөлісу арқылы ата-анасымен арада реніш немесе түсініспеушілік бар жандарға ой салуды мақсат еткенін жеткізді. Ол уақытты өткізіп алмай, жақын адамдармен татуласудың маңызын ерекше атап өтті.

Өнер иесінің айтуынша, адам жүрегіндегі өкпені сақтамай, кешірім сұрай білу немесе кешіре білу – жан тыныштығына бастайтын маңызды қадам.

«Егер жүрегіңізде ата-анаңызға деген өкпе болса, менің өмір жолым сізге сабақ болса екен деймін. Кеш болмай тұрғанда, олардың көзі тірісінде реніштен арылып, кешірім сұрап немесе кешіре біліңіз. Өйткені шынайы кешірім адамға жан тыныштығы мен үлкен бақыт сыйлайды», – деді ол.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар