Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев отандастарының көрсетіп жатқан қолдауына алғыс білдірді. Оның сұхбаты ағылшындық «Бернли» клубының YouTube-арнасында жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
18 жастағы футболшы жазда алматылық «Қайраттан» лондондық «Челсиге» ауысқан. Ол «Челси» сапында маусым алдындағы дайындыққа қатысқаннан кейін бір жылға жалға алу шартымен «Бернлиге» жіберілді.
Сәтпаевтың айтуынша, қазақстандық жанкүйерлер оны «Челси» сапындағы әр ойынында және әлеуметтік желідегі жазбаларында белсенді қолдаған.
«Осындай қолдау көрсетіп жатқандарыңыз үшін көп рақмет! Бұл менің елім болғандықтан, оларды жақсы көремін. Солар үшін еуропалық футболда лайықты екенімізді дәлелдеуге тырысамын», – деді футболшы.
Сәтпаев «Бернли» жанкүйерлерінің қолдауын да атап өтіп, командаға Англия Премьер-лигасына қайта оралуға көмектескісі келетінін айтты.
Қазақстандық футболшы әзірге жаңа клубында дебют жасаған жоқ. Оның алаңға алғаш рет шығуы 23 тамызда «Вест Бромвичке» қарсы матчта болуы мүмкін. Ойын Астана уақытымен 16:00-де басталады.
«Бернли» Чемпионшиптің алғашқы турында Сәтпаевсыз «Вест Хэммен» 2:2 есебімен тең түскен.