Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен болған жеке кездесуі туралы естелігімен бөлісті. Бұл туралы Alash.kz хабарлайды.
Өнер иесінің айтуынша, ол әртүрлі саяси кезеңдерде сахнада өнер көрсеткенімен, сол жылдары ел басшыларымен бетпе-бет сөйлесуге мүмкіндік болмаған.
Роза Рымбаева Дінмұхамед Қонаев пен Геннадий Колбин тұсында да сахнада жүргенін, алайда олармен жеке жүздеспегенін атап өтті. Әншінің сөзінше, сол кездегі басшылар оны тек сахнадан көріп, өнерін тыңдаған.
Әнші экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен жеке кездесуі шығармашылық жолындағы 25 жылдығына орай өткенін айтты. Ол сол қабылдауға арнайы шақыртумен барған.
Рымбаеваның айтуынша, бұл кезең жолдасы Тасқынның қазасынан кейінгі алғашқы концертке дайындықпен және баласы Мәди дүниеге келген уақытпен тұспа-тұс келген. Ол экс-президентті есеп беру кешіне арнайы шақырып, оның шақыруды қабылдағанын жеткізді.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан көмек ұсынылғанымен, әнші ешқандай өтініш білдірмегенін айтты. Оның сөзінше, сол кезде тұрмыстық жағдайы қиын болғанына қарамастан, пәтер мәселесін көтеруге ыңғайсызданған.
Роза Рымбаеваның айтуынша, қабылдау соңында экс-президент оған раушан гүл шоғын және естелік сыйлық тарту еткен. Кейін Нұрсұлтан Назарбаев есеп беру концертке келіп, алдыңғы қатарда отырып, әншінің өнерін тамашалаған.