Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Ширазбен жекпе-жекке шығуға ресми түрде келісімін берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Промоутерлік саудада Шираздың мүддесін қорғайтын Queensberry Promotions компаниясы жекпе-жекті ұйымдастыру үшін 1 001 809 доллар ұсынып, жеңіске жетсе, Әлімханұлының намысын қорғайтын Top Rank ұйымы 820 мың доллар ұсынды. Алдын ала болжам бойынша, бұл шаршы алаң бәсекесі 28 қарашада немесе 5 желтоқсанда өтуі мүмкін және өтетін орын ретінде Лондон мен Нью-Йорк қалалары қарастырылуда. Саудада жеңіске жеткен Queensberry бәсекені Лондонда өткізуді көздегенімен, британдық боксшы келісімін берсе ғана бұл кездесу түпкілікті нақтыланбақ. Бұған дейін ұйым Ширазға белбеуін міндетті үміткер Әлімханұлына қарсы қорғауды жүктеген, бірақ белгіленген мерзімде өзара келісім жасалмағандықтан, WBO промоутерлік бәссауда ұйымдастыруға шешім қабылдады. Шілде айында салмақ дәрежесін екінші орта салмаққа ауыстырып, міндетті қарсылас атанған Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) бұл жайтқа қатысты өз ойын білдірді.
«Мені ақша қызықтырмайтынын бәрі біледі. Мен дайынмын! Сондай-ақ оның титулдан бас тартқаны туралы жаңалықты көруге де әзірмін. Маған тек осы титул керек. Одан кейін Канеломен титулдарды біріктіруім қажет», — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, 27 жастағы Хамза Шираз (24-0-1, 19 КО) мамырда Алем Бегичті екінші раундта сұлатып, WBO чемпиондық белбеуін тартып алса, шілдеде Симон Захенхуберді төрешілердің шешімімен жеңіп, чемпиондық атағын қорғап қалған еді. Ал Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет рингке 2025 жылдың сәуірінде көтеріліп, Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутпен тізе бүктірген болатын.