Жарақат алған сарбаздың туған ағасы Мейірбек Тұңғышбай інісінің әскерге өз еркімен бармағанын айтты. Оның сөзінше, әкесі баласының денсаулығы жарамайтынын білгендіктен, бастапқыда әскерге баруына қарсы болған. Соған қарамастан, жігітті мәжбүрлеп көлікке отырғызып, әскери бөлімге алып кеткен, деп хабарлайды Alash.kz.
NEGE хабарлауынша, алғашқы күндері сарбаз отбасымен байланыста болып, видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, суреттер жіберіп тұрған. «Бәрі жақсы» деп сендіргенімен, ант қабылдағаннан кейін әкесіне бірнеше рет хабарласып, әскерден алып кетуін сұраған.
«Машинаға отырғызып, әскерге алып кетті. Басында видеомен сөйлесіп, сурет жіберіп тұрды, “бәрі жақсы” дейтін. Ант қабылдау рәсіміне бара алмадық, ол күні ауа райы күрт бұзылып, боран болды. Сол рәсімнен кейін көп ұзамай әкеме хабарласып, әскерге шыдай алмайтынын айтып, алып кетуін сұраған», – дейді Мейірбек Тұңғышбай.
Оның айтуынша, інісінің денсаулығында бұрыннан кінәрат болған. Бала кезінде басынан бие теуіп, ауыр жарақат алғанымен, дәрігерге қаралмаған. Салдарынан денсаулығына қатысты ресми медициналық дерек тіркелмеген. Мейірбектің сөзінше, сарбаз кейде есінен танып қалатын жағдайлар да болған.
«Бала кезінде басынан бие теуіп, миы шайқалған болуы мүмкін. Ауылда тұрған соң дәрігерге апармағанбыз, өзіміз емдедік. Кейде есінен танып қалатын. Бұл жолы әскердегі күйзеліс пен полигондағы жаттығулар әсер еткен болуы ықтимал», – деді ол.
Қазіргі таңда сарбаз Алматы қаласындағы ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның үш саусағының екеуін сақтап қалған. Ал үшінші саусағының жағдайы ауыр екені айтылды.
«Қосымша операция қажет болуы мүмкін. Астанаға жеткізу мәселесі де қарастырылып жатыр. Қазір Алматыда ем алып жатыр», – дейді ағасы.
Сонымен қатар Мейірбек Тұңғышбай інісінің бұл әрекетке әдейі барған болуы мүмкін деген пікірін де жасырмады.
«Інім өте тұйық, ішіне бәрін сақтайтын, момын мінезді бала. Сол күні нақты не болғанын сұрағанда, “есімде жоқ, білмеймін” дейді. Бірақ өз ойымша, әскерден кету үшін осындай қадамға барған болуы мүмкін. Өйткені “шыдай алмаймын, үйге қайтқым келеді” деп жиі айтатын», – деді ол.
Алайда сарбаздың барлық туыстары бұл нұсқамен келіспейді. Әпкесі Жанар Әбдәлі әскерде әлімжеттік болуы мүмкін деп күдіктенеді. Оның айтуынша, інісі әкесіне «мені алып кетпесеңіз, табытымды алып кетесіз» деген мазмұнда хабарлама жазған.
«Әскерге барғанына бір айдан асты. Ант қабылдағаннан кейін бір апта өтпей ауруханаға түсті. Басшылары “өзі балтамен шапқан” деп отыр. Бірақ адам өзіне әдейі солай зиян келтіре ме?» – деді ол.
Мейірбектің айтуынша, сарбаздың өміріне тікелей қауіп жоқ болғандықтан, оны әскерге қайта оралуы мүмкін. Дегенмен отбасы мүшелері оның қауіпсіздігіне алаңдап, әскери қызметін жалғастырғанын қаламайды.
Оқиғаға байланысты редакция сауал жолдаған Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, төтенше жағдай 6 қаңтарда таңғы тексеріс кезінде болған. Сарбаз дереу госпитальға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта ол Алматыдағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында ем алып жатыр. Жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ.
«Аталған оқиға әскери қызмет өткерумен, сондай-ақ әскери бөлім командирлері немесе лауазымды тұлғалардың әрекеттерімен байланысты емес. Жарақат тікелей басшысының ескертуінен кейін алынған деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді министрлік.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын әскери-тергеу басқармасы анықтап жатыр.