Елге танымал әнші Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желідегі парақшасында жүрекке әсер ететін жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі жазбасында өмірдің ауыр кезеңінде адамға рухани демеу болатын жандардың орны бөлек екенін атап өтті. Әнші әсіресе ардагер журналист Қайнар Олжайдың адамгершілігі мен қамқорлығына ризашылығын білдірген.
Нұрғали Нүсіпжановтың айтуынша, ол қиын сәтте Қайнар Олжайдың шақыруымен шаңырағында болып, рухани жұбаныш тапқан. Жазбада журналистің жас таланттарға әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқаны, соның ішінде марқұм журналист Жадырам Өмірзақованы студент кезінен танып, кәсіби жолына бағыт бергені айтылған.
"Көке, мен қазір қара жерді басуға қаймығам. Өйткені астында ата-анам жатыр ғой", – дейді Жадырам… Жүрек тоқтап қалардай күй кештірген сәттен көңіл шәйға шақырған өзің құтқардың, Қайнар қарағым. Жадырадай қазақтың талантты қызын студент кезінен танығаныңды, Ұлттық арнаға Университет қабырғасында жүргенде жұмысқа алғаныңды естіп-біліп жатырмын, айналайын. Көрегенділігіңді тағы көрсеттің, көкем. Шәкіртіңе жұбату шәйін ұйымдастырдың. Әлбетте, мәселе ішіп-жемде емес. Гәп – көңілде… Сен жетім көңілді жұбаттың… Қамыққан қарындасқа қалқан болдың… Жабыққан жанның қасынан табылдың…
Өзіңе: "Ұстазым", – деп сөйлейтін бір жапырағың, "Әкеме барамыз", – деді… Көзімнен бір тамшы жас ыршып түсті… Қамкөңіл Жадырамның Асқар тау Әкесін, асыл Анасын қаншалықты аңсап, сағынып жүргенін ұғындым… Мейірімге толы жүрегіңе, қамқорлыққа толы жан-дүниеңе бас идім, Қайнар қалқам. Ұстаз деген ұлы есіміңнен айналып қана кетейін, Бұқаралық Ақпарат Құралының құлагері! Қайда жүрсең де, аман жүр, қазақ телевизиясының Қайнары! Өзің шамшырағын жаққан шәкірттер үшін де, аға буын біз үшін де қымбатсың, журналистика жүйрігі Қайнар Олжай!", – деп түйіндеді Нұрғали Нүсіпжанов.
Өнер иесі Қайнар Олжайды шәкірттеріне жанашыр, адамдық құндылықтарды жоғары қоятын ұстаз ретінде сипаттап, оның журналистика саласындағы еңбегін ерекше атап өтті. Сондай-ақ жазбада қиындыққа тап болған жанға қолдау көрсету – нағыз азаматтық пен ұстаздықтың көрінісі екені жеткізілген.
Нұрғали Нүсіпжанов жазбасын Қайнар Олжайға ақ тілегін арнап, оның қазақ журналистикасындағы орны айрықша екенін атап өтіп түйіндеді.