АҚШ президенті Дональд Трамп Кубаға қатысты жаңа мәлімдеме жасап, бұл ел «жақын арада ыдырайды» деп айтты. Ол бұл туралы америкалық CNN телеарнасына берген телефон арқылы сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Аlash.kz.
Трамптың айтуынша, Куба АҚШ-пен келісімге келуге мүдделі.
«Куба да жақын арада құлайды. Олар келісім жасауды өте қатты қалайды», – деді ол.
АҚШ президенті Кубамен келіссөздер жүргізуге Марко Рубионы тартатынын айтып, қазіргі уақытта осы мәселе бойынша жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.
«Мен бұл сәтті 50 жыл күттім. Енді Куба менің қолыма түсті», – деді Трамп.
Бұған дейін Ақ үйде сөйлеген сөзінде ол АҚШ-та тұратын кубалықтардың тарихи отанына оралуы «бір сәттің ісі» болуы мүмкін екенін айтқан.
Сонымен қатар Трамп Иранға қарсы жасалған шабуылдарды «сәтті өтті» деп бағалап, Иран билігі де «берілуі мүмкін» деген пікір білдірген.
Кубаға қарсы мұнай блокадасы
2026 жылғы 30 қаңтарда Трамп Кубаға мұнай жеткізетін елдерден келетін барлық тауарға кедендік баж енгізуді көздейтін президенттік жарлыққа қол қойған.
Ақ үй бұл шешім АҚШ ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саяси мүдделерін қорғау үшін қабылданғанын мәлімдеді.
Ал 1 ақпанда Трамп Куба үкіметімен мұнай жеткізу мәселесі бойынша келіссөз басталғанын айтқанымен, Куба билігі бұл ақпаратты жоққа шығарған.