Ресейде мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтірген жемқор шенеуніктерді өлім жазасына кесу ұсынылды, деп хабарлайды Alash.kz.
«Справедливая Россия» партиясының жетекшісі Сергей Миронов елдің қорғаныс қабілеті мен азаматтардың қауіпсіздігіне зиян келтірген лауазымды тұлғалардың жемқорлық әрекеттерін мемлекетке опасыздық және шпиондықпен теңестіріп, оларға өлім жазасын қолдануды көздейтін заң жобасын Мемлекеттік думаға ұсынды.
РФ Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізуді көздейтін бұл құжатта «елдің қорғаныс қабілеті мен азаматтардың қауіпсіздігіне зиян келтірген коррупциялық қызмет» атты жаңа қылмыс құрамын енгізу қарастырылған. Бастама авторы заңнамадағы бұл олқылықты жою қажеттігін алға тартып, RTVI телеарнасының эфирінде:
«Лауазымды тұлғаның пайдакүнемдік ниетпен жасаған әрекеттері азаматтардың қауіпсіздігі мен елдің қорғаныс қабілетіне тікелей нұқсан келтірген кезде, біз заңнамадағы олқылыққа тап боламыз» деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Ресей заңнамасында өлім жазасы ресми түрде сақталғанымен, 1997 жылдан бері енгізілген мерзімсіз мораторийге байланысты ол қолданылмайды. Елде ең соңғы рет өлім жазасына кесілген адам 1996 жылы сериялық кісі өлтіруші Сергей Головкин болды. Осы ретте Astra арнасының авторлары тележүргізуші Владимир Соловьевтің елде ату тәжірибесін қайтаруға шақырғанын атап өтті. Бұған дейін РФ Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин де 2024 жылы осыған ұқсас ұсыныс жасап, өлім жазасы тәжірибесін қалпына келтіруді талап еткен еді. Сондай-ақ, көктемде Америка Құрама Штаттарының Әділет министрлігі федералды өлім жазасына енгізілген мораторийдің күшін жойып, үкімді орындау тәсілдерінің бірі ретінде ату жазасын қайтарған болатын.