Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мемлекет, бизнес және БАҚ ынтымақтастығы: салалық журналистиканың сапасын арттырудың жаңа моделі

14:39, 10 қараша 2025

Ақпараттық технологиялардың жылдам эволюциясы, қоғамның деректерге негізделген сенімді контентке деген жоғары сұранысы және кәсіби стандарттардың күрделенуі салалық журналистиканың сапасын жаңа деңгейге көтеруді талап етеді. Осыған байланысты үштаған серіктестік моделі мемлекеттік институттар, коммерциялық сектор және медиақауымдастық арасындағы үйлесімді ынтымақтастық кәсіби журналистиканы дамытудың тиімді құралы ретінде қалыптасып отыр.

Бүгінде министрлік тарапынан сала журналистикасының институционалдық негіздерін күшейтуге бағытталған жүйелі шараларды қолға алынуда. 2025 жылғы 5 қарашада өткен «Салалық журналистика мен медиакоммуникациядағы өзекті тәсілдер» үш айлық курсының қорытындысына арналған дөңгелек үстел бұл бағыттағы маңызды бастамалардың бірі болды. Аталған бастама аясында мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың баспасөз қызметтері мен БАҚ өкілдерінің кәсіби даярлығын жетілдіру, мазмұн сапасын жоғарылатуға арналған ұлттық стандарттарды қалыптастыру, ақпараттық саясаттың ашықтығын арттыру мәселелері қарастырылды. Мемлекеттік қолдаудың басты мақсаты ғылыми дәлдікке, фактологиялық нақтылыққа және кәсіби этикаға сүйенетін журналистиканы институционалдық деңгейде орнықтыру.

Журналистика индустриясының тұрақты дамуы тек нормативтік және әдістемелік негіздермен ғана емес, сонымен бірге заманауи технологиялық қолдаумен тікелей байланысты. Бизнес құрылымдардың, әсіресе телекоммуникация және цифрлық технологиялар саласындағы компаниялардың рөлі ерекше. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Kcell» АҚ арасында жасалған меморандум медиа саласының инновациялық трансформациясына серпін берді. Бизнес тарапынан ұсынылған цифрлық инфрақұрылым, жаңа коммуникациялық құралдар және оқыту ресурстары журналистердің техникалық сауаттылығын арттыруға, деректермен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге және ақпаратты жедел әрі сапалы өңдеу мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік берді. Бизнес секторы медианың технологиялық жаңғыруына жағдай жасап, саланың жаһандық үрдістерге сәйкес дамуын қамтамасыз етеді.

БАҚ бұл үшжақты модельдің мазмұндық және кәсіби өзегін құрайды. Ақпарат жеткізуші ғана емес, қоғам мен билік арасындағы маңызды коммуникативтік көпір ретіндегі рөлі салалық журналистикаға жоғары талаптар қояды. Үш айлық оқыту бағдарламасына қатысқан 150-ден астам журналист пен баспасөз хатшылары экономика, медицина, экология, әлеуметтік саясат, цифрлық технологиялар сияқты салалар бойынша тереңдетілген білім алып, фактчек, аналитикалық жанрлар, деректер журналистикасы сияқты заманауи әдістерді меңгерді. Мұндай кәсібилендіру процесі ақпараттық контенттің сапасын арттыруға, салалық тақырыптарды ғылыми-талдамалық тұрғыда ашуға және қоғамның ақпараттық мәдениетін жақсартуға тікелей ықпал етеді.

Мемлекет–бизнес–БАҚ серіктестігінің тиімділігі олардың өзара толықтырушы функцияларынан байқалады. Мемлекет институционалдық негізді қалыптастырып, кәсіби стандарттарды бекітеді; бизнес технологиялық және ресурстық қолдауды ұсынады, ал БАҚ қоғамның ақпараттық сұранысын қанағаттандыратын сапалы контент өндіреді. Осындай синергиялық модель салалық журналистиканың экожүйесін күшейтіп, оның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Бұл ынтымақтастық тек медианың кәсібиленуін арттырумен шектелмей, жалпы қоғамдық коммуникацияның сапасын жақсартуға, азаматтардың ақпаратқа деген сенімін нығайтуға және демократиялық институттардың ашықтығын арттыруға ықпал етеді.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар