Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Айбек Дәдебай бұдан былай қоғамдық-саяси саладағы жұмыстарға жетекшілік ететін болады, деп жазады Alash.kz.
Бұл шешім елде алдағы уақытта күтілетін ауқымды саяси науқандарға дайындықпен байланысты қабылданған. Президент Әкімшілігінің бұрынғы басшысы жаңа жауапты кезеңде стратегиялық маңызы бар қоғамдық істерге басымдық береді.
Мемлекет басшысы Айбек Дәдебайдың осы уақытқа дейін Президент Әкімшілігінде атқарған жұмысын жоғары бағалап, оған арнайы алғыс білдірді. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың хабарлауынша, кадрлық өзгеріс саяси науқандар алдындағы маңызды қадам болып табылады.
Ресми хабарламада Дәдебайдың жаңа міндеті туралы былай делінген:
«Елде ауқымды саяси науқан өтетіні белгілі. Осынау жауапты сәтте Мемлекет басшысының жеке тапсырмасы бойынша Айбек Арқабайұлы қоғамдық-саяси жұмыспен айналысатын болады».