Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мемлекет басшысы Түркия Президентін «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады

14:55, 14 мамыр 2026
 

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоған-ды Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградаларының бірі – «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады. Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Президенті түрік көшбасшысының халықаралық саясаттағы рөліне, түркі әлемінің ынтымағын нығайту жолындағы қызметіне жоғары баға берді, деп жазады Alash.KZ

Мемлекет басшысы өз сөзінде Режеп Тайип Ердоған-ды Түркияны жаңа даму кезеңіне бастаған беделді әрі көреген саясаткер ретінде сипаттады. Оның айтуынша, Ердоғанның бастамасымен жүзеге асқан реформалардың нәтижесінде Түркия тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізіп, халықаралық аренадағы ықпалын күшейтті.

– Біз бауырлас түрік халқының әр жетістігіне қуанышпен қараймыз. Президент Ердоған халықаралық саясатта әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын батыл қорғап жүрген көрнекті мемлекет қайраткері. Оның «Әлем бестен үлкен» деген бастамасы жаһандық жүйедегі теңсіздікке қарсы маңызды үндеу болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті түркі интеграциясын дамытудағы Режеп Тайип Ердоған-ның еңбегіне де арнайы тоқталды. Оның пікірінше, дәл Ердоғанның қолдауының арқасында Түркі мемлекеттері ұйымы қысқа уақыт ішінде халықаралық деңгейде беделі артқан құрылымға айналды. Сонымен қатар ТҮРКСОЙ, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры және Түркі инвестициялық қоры секілді ұйымдардың қызметі жандана түскен.

Сөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-түрік қатынастарының тарихи әрі рухани тамырына ерекше назар аударды.

– Қазақ пен түрік халқының түбі бір, діні ортақ, рухани құндылықтары жақын. Ғасырлардан жалғасқан бауырластық бүгінде стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Президент Ердоған екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтуға және ортақ құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ Түркістан қаласының түркі әлемі үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ұлы дала – түркі халықтарының тарихи мекені болса, Түркістан – күллі түркі жұртының рухани орталығы.

Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымы-ның бейресми саммитін Түркістанда өткізу туралы шешім қабылданған. Қазақстан тарапы бұл кездесу бауырлас мемлекеттердің ынтымақтастығын одан әрі күшейтіп, өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтереді деп сенеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар