Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мемлекет басшысы күйші, сазгер Әбдімомын Желдібаевтың отбасына көңіл айтты

11:14, 13 сәуір 2024 463

Мемлекет басшысы күйші, композитор Әбдімомын Желдібаевтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәулескер күйші, композитор, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері Әбдімомын Желдібайұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты, - делінген хабарламада. 

Сонымен қатар, Тоқаев өз сөзінде күйшінің өмірлік өнегесі мен ұлт руханиятына қосқан ұшан-теңіз үлесіне тоқталған. 

– Әбдімомын Желдібайұлы киелі күй өнерінің көкжиегін кеңейткен дарын иесі, ұлағатты ұстаз болды. Бар саналы ғұмырын төл мұрамызды насихаттауға арнап, еліміздің мәдениеті мен руханиятын дамытуға айрықша еңбек сіңірді. «Ерке сылқым» сияқты өміршең күйлерімен жұртшылықтың ықыласына бөленді. Өнегелі өмір сүріп, соңына музыкалық мол мұра қалдырған Әбдімомын Желдібайұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.

Белгілі күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әбдімомын Желдібаев 90 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қаралы хабарды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жанғазы Ахмет жеткізді. 

Күйші-композитордың "Ерке сылқым", "Көкшолақ", "Жамбыл баба жыр толғайды", "Тұран елі", "Төле би толғауы", "Сұңқар сезім", "Жетісу сазы", "Бозжігіт", "Әулиеата" және тағы басқа күйлері бар. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар