Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Мектепте білім сапасы құлдырап барады. Қит етсе бәле іздеп, блогерлікті жанына серік еткендер көбейді" - cаясаттанушы Талғат Жанысбай

13:07, 25 сәуір 2026

Саясаттанушы Талғат Жанысбай «Педагог мәртебесі туралы» заңға қатысты пікір білдіріп, заңның қабылданғалы бері мұғалімдердің құқығы едәуір қорғалғанын атап өтті. Алайда сонымен қатар, бұл мәртебені алға тартып, орынсыз шағым айтып, жауапкершіліктен жалтаратын жекелеген педагогтар көбейгенін де жасырмады, деп жазды Alash.KZ.

Сарапшының пікірінше, мектептердегі білім сапасы мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Ол барлық ұстазға бірдей кінә артудан аулақ екенін айтып, өз ісіне адал, оқушыға сапалы білім беруге күш салып жүрген мұғалімдердің көп екенін ерекше атап өтті. Дегенмен, сабағына салғырт қарап, қоғамдық жұмыстарға араласқысы келмейтін жекелеген педагогтардың бар екенін де тілге тиек етті.

Сонымен қатар ол кейбір мұғалімдер сенбілік секілді ортақ іс-шараларға қатысудан бас тартып, тек өз міндетімен шектелуді жөн санайтынын сынға алды. Мұндай жағдай мектеп ішіндегі мәдени-рухани жұмыстардың да әлсіреуіне әсер ететінін айтады.

Мектепте білім сапасы құлдырап барады. Оны мектепте қызмет жасаған адам ретінде айта аламын. Әрине, көпке топырақ шашқым келмейді. Мамандығына адал, білгенін балаға үйретуден аянбайтын ұстаздар өте көп. Десе де жарытып сабақ өтпейтін, қит етсе бәле іздеп, блогерлікті жанына серік ететін «бір құмалақтар» көбейіп барады, - деді ол. 

Талғат Жанысбай мәселені біржақты қарауға болмайтынын, қоғамдағы әрбір азамат ортақ іске үлес қосуы тиіс екенін жеткізді. Оның пікірінше, мектептегі негізгі мәселе сенбілікке қатысуда емес, білім сапасын арттыру мен ата-аналардың жауапкершілігін күшейтуде жатыр.

Сондай-ақ ол қазіргі заңнамалық шектеулердің кей жағдайда мұғалімнің тәрбие жұмысын жүргізуіне кедергі келтіретінін де атап өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар