Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Мейрамханадан шығарып жіберетін әдет пайда болды". Желіде Димаштың анасы айтқан пікір қызу талқыға түсті

09:58, 09 мамыр 2026

Танымал әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтың ұмытылып бара жатқан қыз ұзату дәстүрі туралы жазба жариялады деп жазады Alash.kz. 

Өз жазбасында ол бұрын қыз ұзату рәсімінің күндіз, түс ауғанша өткізілетінін айтып, оның астарында терең мағына жатқанын түсіндірді. Айтуынша, соңғы жылдары қызды түнгі сағат 12-де мейрамханадан шығарып салу әдетке айналғанымен, бұрынғы дәстүрде мұның орны бөлек болған.

«Қазақ қыз баланы түс ауғанша ұзатқан. Оның өзіндік терең мағынасы бар. Соңғы жылдары түнгі 12-де мейрамханадан шығарып жіберетін әдет пайда болды, мүмкін уақытты үнемдеудің шарасы болар», – деп жазды ол.

Света Айтбаеваның айтуынша, олардың өңірінде той өткеннен кейін келесі күні арнайы қой сойылып, қыз бен күйеуге, құдаларға қонақасы беріледі. Бұл – «Қыз – қонақ» деген ұғыммен де байланысты дәстүр.

Оның сөзінше, қыз әкесінің босағасынан алғаш рет қонақ ретінде арнайы дастарқаннан дәм татып, содан кейін өз жұртына аттанады. Таң нұры мен күн сәулесіне бөленіп, туған елінің батасын алып шығуы – оның маңдайы ашық, жолы жарық болсын деген ырым.

Сондай-ақ жеңгелері құдалардың көрімдігін алып, қыздың жасауын көшке тиеп, «құда тартар» салты әзіл-қалжыңмен, ақ батамен және сән-салтанатпен атқарылады.

«Міне, біз де Раушантайды ата-баба салған жолмен, сол дәстүрден ауытқымай ұзаттық. Сол керемет сәтті еске түсірген әдемі сурет», – деп жазды Света Айтбаева.

Бұл жазба желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, көпшілік оның пікірін қолдап, ұлттық дәстүрдің сақталуы маңызды екенін атап өтті.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар