Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Медбикелер есінен танып құлап жатты. Арқалап шығардық».Экс-министр 1999 жылы Бейнеудегі обаны қалай тоқтатқанын айтып берді

11:48, 10 қазан 2026

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 1999 жылы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында оба індетін ауыздықтауға қатысқанын айтып берді. Сол кезде ол 1,5 жастағы қызын үйде қалдырып, науқастарға көмек көрсету үшін жолға шыққан, деп хабарлайды Alash.kz. 

Ғинияттың айтуынша, ауру жұқтырған түйенің етін бөлшектеген отбасының үш мүшесі, соның ішінде кішкентай Жандос та дертке шалдыққан. Баланың жағдайы өте ауыр болған: инфекциялық-токсикалық шок белгілері байқалып, қолтығының астында қабынған бубон пайда болған.

Ажар Ғиният әріптесі, инфекционист Елена Цыганмен бірге Ақтаудан Бейнеуге барып, бұрынғы туберкулез ауруханасында обаға қарсы госпиталь ұйымдастырған. Олардың қарамағында екі дәрігер мен бес-алты медбике ғана болған. Сырттағы аптап ыстыққа қарамастан, медицина қызметкерлері қорғаныш киімімен жұмыс істеген. Ғинияттың сөзінше, ыстықтан медбикелер есінен танып құлап, оларды сыртқа көтеріп шығаруға тура келген.

«Әріптесім, инфекционист Елена Цыган екеуміз дереу Ақтаудан жолға шықтық. Бұрынғы туберкулез ауруханасында обаға қарсы госпитальді нөлден аштық. Екі дәрігер мен 5-6 медбике ғана болдық. Сыртта +50 °C ыстық. Ал біз қалың костюм, резеңке етік және қабат-қабат қолғаппен жұмыс істедік. Инфекция таралмауы үшін ғимараттың барлық саңылауын жаптық. Іште ауа жоқтың қасы еді. Медбикелер ыстықтан есінен танып құлайтын, біз оларды сыртқа арқалап шығаратынбыз», - деп еске алды Ғиният.

Дәрігердің айтуынша, Жандостың жағдайы күрделі болғандықтан, ол баланың жанынан екі аптаға жуық кетпеген. Бастапқы емдеу тәсілі нәтиже бермеген соң, Ғиният жауапкершілікті өз мойнына алып, емдеу схемасын өзгерткен. Кейін бұл тәжірибе Қазақстандағы обаға қарсы емдеу хаттамасына енгізілгенін айтады.

Осылайша, медицина қызметкерлері үш науқастың өмірін сақтап қалған. Бейнеудегі жағдай тұрақталғаннан кейін ғана Ажар Ғиният әріптестерімен бірге үйіне оралған.

Экс-министр мұндай қауіпті инфекциялармен күресте жедел әрекет ету мен медицина қызметкерлерінің бірлескен жұмысы маңызды екенін атап өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар