Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшілігіне барып, көңіл айту кітабына қолтаңба қалдырды, деп жазады Alash.kz.
Жоғары палата спикері Мемлекет басшысының атынан Иран халқына және қайғылы оқиғалардан зардап шеккендердің жақындарына қолдау білдірді.
Иранның Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесу барысында Қазақстан тарапы орын алған жағдайды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді. Мәулен Әшімбаев ресми Астананың халықаралық дау-дамайларды тек бейбіт жолмен шешуді жақтайтынын атап өтті. Ол Қазақстанның кез келген қақтығысты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық принциптеріне сәйкес саяси-дипломатиялық тәсілдермен реттеу бағытын ұстанатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Сенат Төрағасы Қазақстанның аймақтық тұрақтылықты сақтау үшін бейбіт диалог орнатуға ниетті екенін және бұл бағытта тиісті жәрдем көрсетуге дайын екенін растады. Ресми кездесу соңында тараптар екі ел арасындағы өзара түсіністіктің маңыздылығын тағы бір мәрте нақтылады.