Қазақстанда «маскадағы жігіт» деген лақап атпен жасырын түрде қайырымдылық жасап жүрген азамат туралы жұрт арасында түрлі пікір бар. «Өнер Қырандары» театрының жетекшісі Мадияр Серікбаев әлеуметтік желіде тосын видео жариялады деп хабарлайды Alash.kz.
«Өнер Қырандары» парақшасында жарияланған видеода Мадияр Серікбаев «маскадағы жігітпен» кездескен сәтін көрсетіп, елден сүйінші сұрайды.
«Ал, халайық, сүйінші! Еліміздегі мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген жанашыр азаматпен кездесу сәті туды», — деген ол алдағы уақытта аталған азаматпен бірлесіп жұмыс істейтіндерін айтады.
Кадрда қасына келген «маскадағы жігіт» да «тарихи сәт келді, енді шынайы жүзімді көрсетемін» деп бетіндегі маскасын шешеді. Алайда маска шешкенде Мадиярдың әріптесі — Жанболат Найзабековтің жүзі көрінеді.
Осылайша бұл әзілкештердің кезекті пранкі екені белгілі болды. Видеоны көрген желі қолданушылары «Ақыры кім екенін білетін болдық па деп күтіп едім», «Маскалы адам қалайша бетпердесін шешті десем…», «Пранк екен ғой» деген сарындағы пікірлер қалдырып жатыр.